Бұл – көркем фильмнен үзінді емес, Атырауда болған оқиға. Бірнеше минуттың ішінде 60-тан аса отбасы баспанадан айрылды. Қайта, жұрт үйдің қабырғасы шытынай бастағанда бір-біріне хабарлап, қашып үлгерген екен.
Бибі Базарғалиева, Атырау қаласының тұрғыны:
-Жарылған сияқты тарс ете түсті.Коридорға шығып қарасам, көршілер, құлап жатыр екен жерде. Не болды деп ем, үйдің арты құлап кетті, шығыңдар тезірек деді.
Қазір жатақхана толықтай қоршалып, күзет қойылған. Іште қалған заттарын алуға келгендерді де жолатпайды. Ал қапыда үйінді астында қала жаздаған жұрт ашулы. Үйдің апатты екенін айтып бірнеше жыл бұрын дабыл қаққанымен, жергілікті билік құлақ аспаған. Тіпті аймақ басшысы өткенде тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды «үйлерін өтірік құлатты» деп айыптағанындай, бұларға да зекіп тастапты.
Жамал Бисенғалиева, Атырау қаласының тұрғыны:
-Ізмұхамбетовке бірнеше рет барғанда «бессовестные» «бессовестный үй талап етіп» деді. Біз үй талап етіп отырған жоқпыз. Пустое место он, пустое место, кеше келгенде өзіне де, айттым осыны.
Дегенмен бұл жолы да шенділер баспаналарынан айрылған жұрт далада қалмайды деп сендірді. Қазір барлығы әкімдік жалға алған бір мекеменің кеңсесіне орналастырылып жатыр.
Нұрлыбек Ожаев, Атырау қаласының әкімі:
— «Нұрсая» ықшамауданында 240 пәтерлік 9 қатарлы коммуналдық меншіктегі үй құрылысы бітті, осы келесі аптада осыған барлық тұрғындар көшіріледі.
Мына жатақхана 1974 жылы теміржолшыларға арналып салынған екен. Мамандар сол уақыттан бері жатақхана жүйелі түрде жөнделмеген деп отыр. Мұндағы тұрғындар тіпті әжетхана мен жуынатын жерлерді де өздеріне қосып алып, пайдаланған. Ақырында нәжіс пен қар суын бойына әбден сіңіріп, апатты жағдайға түскен жатақхананы бұзу туралы шешімді жергілікті әкімдік енді қабылдамақ.