Шығыста оталған ағаш өрт қаупін төндіріп тұр - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шығыста оталған ағаш өрт қаупін төндіріп тұр

Шығыста оталған ағаш өрт қаупін төндіріп тұр

Өскемендіктер тазалықты талап етуде. Таулы Үлбі өңірінде осыдан бір жыл бұрын оталған шырша қалдықтары әлі тазартылмай жатыр. 2 гектарға жуық аумақтағы жасыл желекті орманшылар бүлінді деп кесіп кеткен екен. Бірақ құлаған ағаштарды жинамапты. Енді әбден құрғаған ағаштарға күн қатты қызған шақта өртеніп кету қаупі төніп тұр.

  • 3 Маусым 2015
  • 235
Фото - Caravan.kz

Таулы Үлбі Шығыс Қазақстанның ең көрікті демалыс орындарының бірі. Бірақ оның қазіргі көрінісі көңіл көншітпейді. Мұнда қираған ағаштардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қоқыстарды орманшылар былтыр тазартамыз деп уәде еткен. Бірақ әзірге атқарған жұмыстары көрінбейді. Ал демалушылар әбден құрғаған ағаштар өртке себеп бола ма деп қауіптеніп отыр.

Иван Колошин, Өскемен қаласының тұрғыны:

— Қаншама ағаш кесілген. Ағаштарды алып кетті, ал қалдықтары жатыр. Бұлар күн санап құрғап барады. От тұтанатын болса, мына жердің бәрі өртеніп кетеді ғой.

Таулы Үлбіні тұрғындар Қазақстанның Швейцариясы деп те атайды. Таза ауа, көз тоймайтын пейзаж, жасыл желек – мұның бәрі қаладан небәрі 20 шақырым жерде орналасқан. Ал жергілікті билік мұнда өрт шығады деп ойлап отырған жоқ. Айтуларынша, тау бөктерлері ағаш қалдықтарынан тазартылыпты.

Иван Рулев, «Орман шаруашылығы» МКК директоры:

— Технологияның көмегімен жарамсыз қалдықтардың бәрі тазартылды. Қазір ол жерде тек қатты желден құлаған ағаштар ғана жатыр. Оларды кейін тазалаймыз.

Сөндірусіз қалған от, тұтанған темекі қалдықтары мен шырпы болса бітті, туристердің ең сүйікті демалыс орны жойылып кетпек. Қазір орман ғана емес, бұл жердегі өзеннің де жағдайы мәз емес. Мөлдір сулы тоған да сынған ағаш бұталарына толған.