Ақтөбеде қамауға алынған депутат әрі кәсіпкердің үйінен табылған ақшаны санауға 5 сағат кеткен - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбеде қамауға алынған депутат әрі кәсіпкердің үйінен табылған ақшаны санауға 5 сағат кеткен

Ақтөбеде қамауға алынған депутат әрі кәсіпкердің үйінен табылған ақшаны санауға 5 сағат кеткен

Ақтөбеде облыстық Мәслихат депутаты қамауға алынды. Өңірге белгілі кәсіпкер Мейіржан Өндіргенов бизнестегі әріптестерінің кәсіптерін тартып алған деп айыпталуда. Қарсы келгендерін қорқытып-үркіткен. Халық қалаулысын қамауға алуға келген тәртіп сақшылары Өндіргеновтың үйінде жасырған ақшасының өзін 5 сағат бойы арнайы аппаратпен санапты. Оған көмектескен мемлекеттік кіріс басқармасының бөлім бастығы да қазір істі болып жатыр.

  • 3 Маусым 2015
  • 477
Фото - Caravan.kz

Облыстық Мәслихат депутаты Мейіржан Өндіргеновтың есімі Ақтөбе жұртына жақсы таныс. Қалталы кәсіпкер қала ішінде қатынайтын автобустардың қожайыны. Көше тазалығына жауап беретін мекеме де соның иелегінде. Бірақ аузын айға білеген кәсіпкерге бұл да аздық еткендей. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Өндіргенов бизнестегі әріптестерінің үлестеріне ауыз салыпты.

Гүлзия Мақсатқызы, Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі:      

-Өндіргенов Мейіржан Сағидоллаұлын  екі ай мерзімге қамауға алу  туралы санкция берілді. Өндіргенов аса ірі көлемде ақша бопсалап,өлтіремін деп қорқытып,адам денсаулығына зиян келтіру күдігімен ұсталды .

Ал шағым түсірген депутаттың әріптесі Бауыржан Пірманов екен. Өндіргенов оны кеңсесінде бес сағат бойы қамап ұстап, өлтіремін деп қорқытқан көрінеді. Ақыры көлігі мен құрылыс компаниясындағы үлесін басының амандығы үшін бере салған.

Бауыржан Пірманов, кәсіпкер:

-Оның көптеген қаржылық былықтарын білемін. Біліп жүрдім де бүгінге дейін. Менің арызым  бойынша қамалды. Менің үлесімді тартып алып отыр.

-Бизнесменнің былықтарына түрлі құзырлы органдар осы уақытқа дейін көз жұмып келген. Тіпті кейбір шенеуніктер Мейіржан Өндіргеновтің тапқан пайдасын жасыруға көмектесіпті. Онымен бірге қамауға алынған мемлекеттік кіріс басқармасының бөлім бастығы Күзеев жалған компания ашып, депутаттың 140 миллион теңгесін салық ретінде көрсетпеген.

Аймақтағы халық қалаулысының қамауға алынғанына автобус паркінің жүргізушілері қуанып отыр. Айтуларынша, күнделікті тапқан тиын-тебеніне дейін Өндіргенов ортақтасып, қарсы шыққандарын аямаған. Дегенмен, жазадан сытылып кетеді ме деп алаңдайды.


Нығыметбай Ермаханов, автобус жүргізушісі:

-Нақты менің келінімді сабады, әйелімді сабады. Немеремді лақтырды. Үйімді бұзды. Автобусымды тартып алды. Екі миллион ақшамды тартып алды. 3 миллион жалақымды тартып алды. Аз ба?

Куәгерлердің айтуынша, Өндіргеновты қамауға алған кезде үйінен қыруар қаржы табылған. Ақшаны арнайы есептеуіш машинкамен бес сағат бойы санапты. Қазір кәсіпкердің үстінен шағым түсіргендер Мәслихат депутатының өзге де сыбайластары бар екенін айтады. Сондықтан оны осы уақытқа дейін дандайсытып қойғандарды да ұстауды талап етіп отыр.