ОҚО-да тест тапсыру үшін қыз боп киінген жігіт күлкіге қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ОҚО-да тест тапсыру үшін қыз боп киінген жігіт күлкіге қалды

ОҚО-да тест тапсыру үшін қыз боп киінген жігіт күлкіге қалды

Елімізде тестілеудің екінші күні де күтпеген тосын жайттерге толы болды. Әсіресе, оңтүстіктегі Мақтарал ауданында басына парик киіп қызының орнына тест тапсырмақ болған жігіт күлкіге калды. Қулығына құрық бойламайтындар аудиториялардан дереу қуылып жатыр. Мыңдаған ұялы телефондар мен басқа да көмекші құралдар табылған. 3 жарым мыңға жуық түлек ең төменгі 50 балды жинай алмай қалыпты. Ал 125 балды әзірге бір ғана тараздық оқушы иеленген.

  • 4 Маусым 2015
  • 460
Фото - Caravan.kz

Жоқ бұл қыз емес, жігіт. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында емтиханды ғашығының орнына тапсырамын деп қыз боп киініп алған. Жас жігіт ол үшін басына парик киіп, боянып, тіпті, аяғының түгіне дейін қырып тастапты. Алайда қулығы әшкере болды. Сүйікті қызы үшін тест тапсырамын деп қүлкіге қалған ол университеттің студенті екен.

Құрманғазы Гүлдана… Мынау не нәрсе?

Ал бұл Алматы облысында делдалдықпен айналысқандар. Емтиханға кіруге қорыққандардан ақша жинап, түрі ұқсайтын басқа адамдарды кіргізумен айналысқан. Алайда оңай олжаға кенелмек болғандардың барлығы қолға түсіп жауап беріп жатыр. Бұдан бөлек, сынақтың алғашқы күні ақ түлектерден 8 мыңға жуық ұялы телефон, шпаргалка, рация, модем сынды тыйым салынған заттар тәркіленген.

Бірақ жағалай орнатылған камераға қарамастан қулығын асырғандар да бар. Интернетті шарлаған мына суретте оқушылар емін еркін телефонға телміріп отыр. Егер көшіріп алғандары расталса, тест нәтижесі жарамсыз деп танылмақ.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

-Емтихан тапсырудың ережесін елемей тәртіп бұзған түлектерді әзірге тесттен шеттетіп қойдық. Тиісті тексерулер жүріп жатыр. Барлығына білім заңына сәйкес шара қолданатын боламыз.

Ал қулықсыз-ақ, 125 ұпай алған әзірше бір түлек бар. Ол Тараздағы № 45-мектептің оқушысы Гүлназ Ердосова. Мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған оның ендігі арманы білікті дәрігер атану.


Гүлназ Ердосова, мектеп бітіруші:

-Мектепке кіріп келсем достарым айқай салып, 125 деп қуанып, құшақтастық. Өте керемет сезімде болдым. Арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Соңғы сынақ тестілеулерде де осындай нәтиже көрсетіп жүрдім. Өзіме сенімді болдым. Енді соны алып, бақыттымын. Ата-анамның сенімін ақтадым.

Тестілеу біреуге қуаныш сыйласа, екіншісін жылатып жатыр. Себебі сынақтың алғашқы күні 3 жарым мың  оқушы қажетті 50 баллды жинай алмай, университетке түсу арманынан   қол үзді. Ал межелі ұпайға қол жеткізу үшін қыз боп киініп алған  шымкенттік жігітке қандай шара қолданылары белгісіз. Анығы  оның  сүйіктісіне де, жоғарғы оқу орнынының есігі мүлдем жабылмақ.