Жағалаудағы жайлы баспана туралы армандамайтын адам жоқ. Мұратбек Егінов – сол мақсатына қол жеткізген жандардың бірі. Бірақ бұл баспананың бас қайғысына айналатыны үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Мұратбектің үйі Зайсан көлінің дәл жиегіне салынған. Дауыл тұрса жаны қалмайды. Жағаға соққан толқын үйді шәйіп кетуге сәл қалады дейді ол.
Мұратбек Егінов, Ақсуат ауылының тұрғыны:
-Мына жер құлағанда үйдің ішіндегілердің бәрі шайқалып, жер қозғалады. Пол қозғалады. 1 ай тынышталды. Сосын қайта құлай бастады. Үйіме 5-ақ метр жер қалды.
Өткен жылы мұнда бір үй Зайсанға құлап кеткен соң, жергілікті билік баспанасын толқын шайып кету қаупі бар отбасылар үшін жағалаудан қашықтау жерден 6 үй саламыз деп шешкен. Төртеуін қолданысқа беріп үлгерді. Ал 2 отбасы жаңа баспананы әлі күтіп жүр. Солардың тағы бірі – Уәлиевтер. Ерлі-зайыпты ұстаздар Ақсуатқа 8 жыл бұрын жұмыс бабымен көшіп келген. Енді мұнда барар жер, басар таулары болмай тұр.
Гүлшат Уәлиева, Ақсуат ауылының тұрғыны:
-Егер үй қирап, ешқандай көмек жоқ болса, әрине көшуге тура келеді деп ойлаймын. Қайда барамыз, баратын жер жоқ. Бұл ауылда ағайын-тума жоқ. Жолдасым екеуміз-ақ. Маман керек деген соң осы мектепке келгенбіз.
Аталған 6 үйді салуға 50 миллион теңге қажет болған екен. Алайда ақша толық бөлінді ме, қай үйге қанша қаржы жұмсалды, мұны жаңадан келген әкім білмейді. Бір анығы – үй салуға ақша жетпеді дейді ол.
Ержан Құрманғалиев, Балықшы ауылдық аймағының әкімі:
-Ақшасын білмеймін. Бірақ ақшасы бөлінген. Үйге қаражат жетпеді. Қазір материалдардың қымбаттағанына байланысты жетпей қалды.
Қазір бұл екі отбасы өз қаражаттарына барақ үй жалдап тұрып жатыр. Енді бар қаржыны ұқсата алмаған шенеуніктердің салғырттығын хатқа тізіп, Мәжіліс депутаттары мен сотқа жолдамақ.