Өндіргеновтің қаражатын тергеушілердің ақша есептейтін машинамен бес сағат бойы санағанын бұрын айтқанбыз. Аймақтағы автобус паркінің иесі ақшаны көбіне доллармен және еуромен сақтағанды құп көреді екен. Оның үйінен 3 жарым миллион доллар, 300 мыңдай еуро, 7 миллиондай теңге табылды. Сондай-ақ, арабтардың дирхамы мен украиндардың гривнасы да бар. Кәсіпкер-депутаттың пәтері мен жер телімі, Шалқар қаласындағы кәсібі де бұғатталды. Мейіржан Өндіргенов мемлекеттік кіріс басқармасындағы басшылардың бірімен сыбайлас болып, тапқан пайдасын жасырған. Әріптесінің бизнесін тартып алу үшін қорқытып-үркіткен. Егер тағылған айыптар дәлелденетін болса, депутат 7 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.