Есіл өзенінің үстіндегі өткелді халық «қылкөпір» деп атап кеткен. Адам тайып жығылса оңбайды, ағыс ағызып әкетуі мүмкін. Ал, өзеннің арғы бетінде саяжайда жүздеген шаңырақ тұрады. Бұдан басқа жол болмағандықтан жұрт өміріне төнген қауіпке қарамастан қираған көпірдің үстімен ары-бері өтуде. Саяжайда дүкен жоқ. Сондықтан бергі беттен азық-түлік пен су тасығандар аяқтарына резеңке етік киіп амалдаса, енді бірі жалаң аяқ су кешіп жүр. Ашынған халықтың айтуынша, бұл көпір 2-3 жылдан бері дәл осылай теңселіп тұр. Қауіп күн жылығанда еселеп күшейеді екен. Өткелдің қирап қалғанынан төтенше жағдай қызметкерлері мен әкімдіктегілер хабардар, бірақ әзірге еш шара қолданбай отыр.
Сергей Антонюк, Астана қаласының тұрғыны:
-Бұл жермен адамдар күнде қатынайды. Бір күні біреу суға батып кетуі мүмкін. Әсіресе мектеп кезінде балаларға обал. Міне, көрген күніміз осы. Қолымыздан резеңке етікті тастамаймыз, көпірге жақындағанда аяқ киімді ауыстырамыз.