Бүгін Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің екінші пленарлық отырысында қорытынды сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші съезі өз жұмысын аяқтағалы отыр. Оған қатысушы делегаттар қонақжай қазақ даласына келіп, алқалы жиынға қатысу арқылы өз алдарына қойған мақсаттарына қол жеткізді. Әр түрлі діндер өкілдері бір-біріне, бірігуге қарай тағы бір маңызды қадам жасады. Діннің өзара байланысы, оның жаһандық даму тұрғысындағы рөлі турасында ашық диалог жалғасын тапты. Бүкіл әлемдік қоғамдастықтағы тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін ынтымақтастыққа деген ортақ әрі терең мүдделер көрініс тапты. Қазір ғана барлық қатысушылардың Жер шарындағы өмірлік маңызы бар мәселелер бойынша ұстанымын білдіретін Съездің декларациясы қабылданды», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы екі күн бойы Қазақстанның астанасында түрлі тілде, түрлі дәстүрлерге сай бейбітшілікке, келісімге, әділдікке, жақындарына деген махаббатқа үндейтін дұға-тілектер айтылғанына назар бұрды.
«Мен дін қызметкерлеріне Құдайға жалбарынғанда біздің Қазақстанымызға гүлдену мен бақыт тілегендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Зор рахмет сіздерге!» — деді Н. Назарбаев.