Қалқаман жұртынан маза қашқалы осымен 2-ші апта. Оған себеп – көшенің қайта жаңартылып жатқаны. Тұрғындар бастапқыда жолдың жөнделгеніне қуанған. Тек кейін арықтар шетінен бітелгенін көргенде сол қуаныштары су сепкендей басылыпты. Жұрт оны 5 жыл жырлап жүріп, әкімдікке әрең салдырған еді.
Нұржан Дәркенбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
-Мына біздің көшеміздегі суағар арықты құртып, бұзып, көміп тастап, үстіне асфальт салайын деген. Енді төмендегі Сланов көшесіндегі арықты алып тастады да, топырағын төгіп жаймалап тастады. Енді ол жерде су ағатын жер жоқ.
Егер арықтар түгел бітелетін болса, мұндағы көше біткеннің бәрін су баспақ. Әсіресе, 2-ші Қалқаманның жағдайы қиын. Еңістеу жерде орналасқандықтан онда 200 үйді су шаюы мүмкін.
Гүлнар Мәкішева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Егер арықты алар болса, онда үйміздің іргетасы шыдамауы мүмкін. Өйткені жауын тұрмақ, қардан еріген су да мұнда жиналады. Үйлердің бәрі сайда тұр. Өткендегі жаңбырдан енді ғана құрғап, көз ашып едік.
Арыққа тәуелді жұрт енді жол жөндеуге қарсы боп отыр. Тіпті жұмысшыларды жолатпау үшін көршілер бұл жерді кезектесіп күзетуде.
Ғани Сәдияров, Алматы қаласының тұрғыны:
-Егер кімде кім құрылысшыларды көретін болса, бірден жиналамыз. Сөйтіп, оларды қуып жатырмыз.
Ал арықты бұзуға тікелей тапсырысты қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы беріпті. Бірақ олар «желілерді қиратқымыз жоқ» деп азар да безер. Десе де енді 2-3 айдан кейін арықты жолмен қоса жөнге келтірмекші.
Дәурен Жандыбаев, Алматы қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы:
—Тұрғындардың өтініші бойынша жауын суды қабылдайтын желі өз орнында қалады. Бұрынғыдай жұмыс істейді. Оның бәрін тазартып, асфальт жұмыстарын жасаған кезде кәріз құбырларын қалдырамыз.
Жолмен қоса 15 шақырым арық пен 10 шақырым кәріз желісін қайта салып шығу үшін әкімдік енді 1 млрд. 480 миллион теңге жұмсағалы отыр.