-Біраздан тынышталып қалған Есілдің сол жағалауын кезекті жемқорлық дауы дүр сілкіндірді. Қазір Астанадағы «Экспо» кеңсесіндегі қаржылық құжаттарды тергеушілер тәркілеп жатыр.
Халықаралық көрмеге жауапты ұлттық компанияны 2 жыл басқарған Талған Ермегияевті президенттің қызметінен алуы қарамағындағы Үсеновтің былығына қатысты екені анық. Табан асты тағынан тайған сол Ермегияевтан «Экспо»-ны өткізуге бөлінген бюджет ақшасын сұрағанда жиі шамданып қалатын.
Талғат Ермегияев, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының төрағасы:
-Айтқан адамды маған алып келіңіздерші. «Экспоға» кетіп жатыр деген әңгіме менің ойымша дұрыс емес. Мұның барлығы қайтатын ақша. 10, 20, 30, 50 жыл бола ма мұндай құрылыс салынбайды.
Сол қайтады деген ақшаның біраз бөлігі қайтпайтын қалтаға түскен сыңайлы. Алғашқылары қамауға алынып та үлгерді. Қымбат көліктерін кезек мініп, жол апатын жасаумен аты шыққан Мақсат Үсеновтың әкесі 214 млн теңге бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталуда. Қажымұрат Үсенов өзі лобби жасайтын жеке компанияға тендер ұтып беріп, миллиондарды солардың шотынан қолма-қол шешіп алып отырған. Дәл осы «ЭКСПО»-ға жұмсалатын 500 миллиард теңгені бақылауда ұстауды президент талай айтқан еді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ақшаны бақылап отырсыңдар ма?
-Иә, әрине. Бақылау бар.
-Тәртіп сапа және ақшаның жұмсалуын қадағалайтын компания жалдау туалы айтқанбыз. Сендерді кейін жауапқа тартпас үшін. Мен дәл солай болғанын қаламаймын...
Бірақ Елбасының ескертуін көбі естен шығарған екен. Ал ұлының әрекеті үшін отставкаға кеткен Үсеновті қимай қасында қалдырған Талғат Ермегияевтің жайлы орынтағы ұзақ уақытқа бос қалған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Экспо-2017 » ұлттық компаниясын басқаруға Әділбек Жақсыбековты тағайындады. Бүгін оны ұжымға премьер Кәрім Мәсімов таныстырды.
Осылайша бір сәтте саяси мансабы көтерілген Әділбек Жақсыбеков бұл қызмет пен Астана қаласының әкімі міндетін де қатар алып жүрмек. Енді ол 2 жылдан соң өтетін көрменің құрылысына, тендерге, бюджет ақшаларының дұрыс жұмсалуына тікелей жауапты. Ал бірінші тұтқындаудан соң ауқымды тексеріс жүріп жатқан «ЭКСПО» компаниясында біраз былық әшкереленуі мүмкін. Осыған қарағанда Үсеновтың қатарына тағы бірнеше лауазымды топ-менеджерлер қосылуы ықтимал.