Рәсім бар сән-салтанатымен өтеді деп күтілуде. Назарбаев Университетінің студенттері тер төгіп, еткен еңбегінің жемісін көріп жатыр. Биыл білімгер оқу орнынан түлеп ұшпақ. Салтанатты шараға Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде. Үздік студенттерге дипломды Елбасының қолынан алу бақыты бұйырғалы тұр. Түлектердің жүздерінен шаттықтың жүзін аңғару қиын емес. Бірақ аздап қобалжып тұрғындары да байқалады. Айта кетейік, оқу ордасы тікелей Президенттің бастамасымен 2009 жылы құрылды. Араға бір жыл салып 2010 жылы Назарбаев Университетінің есігі алғашқы студенттерге айқара ашылды. Осы санаулы уақыт аралығында оқу орны әлемнің алдыңғы қатарлы білім ошағы атанып қана қоймай, ғылымның ордасына айналды. Мұнда инновацияға бағытталған ғылыми технопарк жұмыс істейді. Жер шарының әр қиырынан жиналған үздік профессорлар дәріс береді. Солардың көмегімен мұнда биология, химия, физика, компьютер ғылымдары, роботтық техника және механотроника сынды мамандықтар бойынша кадрлар дайындалуда. Назарбаев Университеті автономды басқару жүйесіне негізделіп, атақты Кембридж Дьюк университеттері мен Питтсбург Академиясы сынды жетекші білім ордаларымен серіктестік орнатқан. Бұдан бөлек оқу орнының жанынан Astana Business Campus ғылыми паркі салынып жатыр. Онда ғалымдар өндіріске енгізуге тиісті инновациялық техологияларды кеңінен зерттейтін болады. Нәтижесінде ел экономикасы одан әрі дами түспек, — деп хабарлайды http://24.kz/kz.