Семейліктер бұл күнді әсте ұмытпайтын шығар. Аяқасты соққан дүлей дауыл соңы нөсер жауынға ұласқан. 40 минуттай тосын мінез көрсеткен табиғаттың қиратқаны мен құлатқаны көп.
Димитрий Гариков, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
— Бүгін жағдай аздап реттеліп жатыр. Үзілге электр желілерін дереу іске қосамыз. Қала ішінде 26 жерден тоқ үзілген. Бағаналар құлап, шатырлар жұлынды. Шамамен 10 көше толықтай су астында қалды.
Күн бұзылған сәтте көшеде қалып, шалыс құлап, ауруханаға жеткізілген тұрғындар да бар. 22 адам қазір аурухана төсегіне таңылған. Жаңатай Аманбаева солардың бірі. Келіншекті жел ұшырып құлатқан.
Жаңатай Аманбаева, зардап шегуші:
—Қатты боранда құладым. Жел соқты. Аяғым тайды да қатты жарақат алдым. Енді аяғым ауырып жатырмын. Ойбай, қорқынышты болды.
Жалпы ресми есепке қарағанда, қала ішіндегі 60-қа жуық ғимарттың шатыры жұлынған. Дауылдан кейінгі жауын суына шайылып, ірілі-ұсақты 10 көшенің үйі бүлінсе, 50 мың абонент жарықсыз отыр. Тағы 40 мыңға жуығы ауызсусыз қалған. Желге төтеп бере алмай тамырымен қопарылған ағаштар да жетерлік.
Куәгер:
— Адамға лық толы автобустың үстіне ағаш құлады. Құдай сақтасын.
Куәгер:
— Ана темір ұстап қалды, әйтпесе мына дүкеннің бәрі құлайтын еді. Айттық ана «құрғақ ағаштарды кесіңдеп» деп кезінде. Ешкімге керек емес.
Семей маңындағы саяжайлы аумақтың да қираған дүниесі көп. Әсіресе, бау-бақшаның көктегені өспей жатып өлген. Дауылдан келген шығында қазір мамандар есептеп жатыр.