Тараздан Талдықорғандағы жарысқа бара жатқан мүгедек спортшылар былтыр жол апатына ұшыраған. Екі шағын автобус бетпе-бет соқтығысып, салдарынан 4 адам ажал құшты. 10 мүмкіндігі шектеулі жан мен екі жаттықтырушы өлім аузынан қалған болатын. Қайғылы оқиғаға қарсы бетке шығып кеткен жапондық көліктің жүргізушісі кінәлі деп танылды. Өзі сол апаттан қаза тапты. Дегенмен сақтандыруы бар екен. Енді қаза болған 18 жастағы Нұрсұлу Сейділдаеваның анасы олардан өтемақы өндіре алмай жүр. Сақтандыру фирмасы оны маңына да жуытар емес.
Гүлмира Қалыбаева, Н.Сейділдаеваның анасы:
—Негізінде маған 1млн. 800 мың төлеуі тиіс екен. Соны төлеп берсін деймін. Ол қызды енді мен қайтып қайтара алмаймын. Бірақ керек, отбасылық жағдайым нашар.
Ал екі мүгедек спортшы сақтандыру компаниясымен ашық айқасқа шықты. Фирма сот арқылы өтемақы төлеуге міндеттелсе де, ақша беруге құлықсыз.
Ермек Атақазиев, бірінші топтағы мүгедек:
-Біздің өтемақы қайда? Денсаулығымызды құрттық. Апатқа кінәлі деп танылған жүргізуші қаза тапты. Бірақ оның міндетті сақтандыруы бар. Сақтандыру компаниясы осындайда қажет емес пе? Неге олар өтемақы төлеуге құлықсыз. Мен соны түсінбеймін.
Бүгін олар сақтандыру компаниясы өкілдерінің алдынан тағы бір мәрте өтті. Тек бұл жолы да оларға ешкім жылы қабақ таныта қоймады.
—Ештеңе айтпаймын.
Жол апатына ұшыраған мүгедектердің көбі ауыр жарақат алған. Кейбірі айлап ауруханада жатып, әзер дегенде аяғына тұрды. Оған жұмсалған қаржы да есепсіз. Онсыз да тұрмысы төмен жандарға бұл өтемақы ауадай қажет болып тұр. Сондықтан оны алу үшін соңына дейін күреспек. Тіпті, сақтандыру компаниясының Алматыдағы бас кеңсесі алдында шу шығаруға әзір.