Мәжіліс депутаттығына үміткер өнер жұлдыздары қандай мәселелерді шешпек? - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мәжіліс депутаттығына үміткер өнер жұлдыздары қандай мәселелерді шешпек?

Мәжіліс депутаттығына үміткер өнер жұлдыздары қандай мәселелерді шешпек?

Бүгін еліміздің ең басты партиясы «Нұр Отан» Астанада құрылтайын өткізіп, ауқымды сайлауалды бағдарламасын бекітті. Сонымен қатар билік партиясы Мәжіліс сайлауына түсетін кандидаттарының толық аты-жөнін жариялады. «Нұр Отанның» атынан депутат болғысы келетін үміткерлердің арасында министр, облыс әкімдерінен бастап, Қайрат Нұртас, Нұрлан Әлімжанов сияқты әнші, актерлер мен әйгілі боксшы Генадий Головкинге  дейін бар. «Жұлдызды тізіммен» тілшіміз Ербол Сейілхан да танысып, жайлы орынтақты аңсап отырғандармен тілдесіп келді. 

  • 30 Қаңтар 2016
  • 364
Фото - Caravan.kz

Жеңістен басты үміткер «Нұр Отанның» облыстардан жиналған екі мыңнан астам жақтасы мен көшбасшы партияға мүше саяси элита бүгін таңнан Тәуелсіздік сарайына ағылды. Төрағасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі болғандықтан ең ірі саяси күштің мысы басым. Сондықтан  президент көптің шыдамын тауыспай маңызды сайлауалды бағдарламасын жариялап жіберді. Ең бастыларын айтқанда, «Нұр Отан» жұмыссыздықпен күреседі, әлеуметтің әлеуетін көтереді және дағдарысқа қарамай экономиканың өсімін тоқтатпақ емес. Осы жерде Елбасы халыққа долларды ұмытып, теңгенің тегеурінін күшейтуді айтты. Девальвацияның не үшін болғанын тағы түсіндірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Ұлттық қордың ақшасы таусылар еді.  Қаржы жүйесі тоқырап, зауыттар жабылып, экспорттаушылар табыстан қағылудың алдында тұрды. Ұсақ кәсіпорындар құритын еді. Жұмыссыздық көбейіп инфляция өсер еді.

Сондықтан мұнайдың бағасы көтерілген күннің өзінде, дағдарыстың жақын арада аяқталуы екіталай. Қиын кезде Үкімет қана емес, елдің дамуына қазақтың байлары да көмектесуі тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Бизнесіңді қолдады, қалтаңды ақшаға толтырдың. Қазақстанда таптың соның бәрін. Енді соны шетелге апарып анда-мында тығып қашан ұстап алар екен деп түнде шошып оянып, түсіңе кіріп не болды сонша? Соның бәрін әкеліңдер, легализация жасаймыз ғой. Айыптамаймыз, кешіреміз. Ешкім қудаламайды. Алып келіңдер де жекшелендіріліп жатқан бір обьектіні сатып алып тыныш отырыңдар. Халыққа жұмыс бересіңдер, еліңнің экономикасын көтересің.

Билік партиясы сайлауалды бағдарламасын жариялап болған соң көптің шыдамын тауысқан сәт те келіп жетті. «Нұр Отан» партиялық тізім бойынша саяси додаға 127 кандидатын үкілеп қосқан екен. Бұлардың қатарында вице-премьер Дариға Назарбаева, Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Экспоның» басшысы Ахметжан Есімов пен Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Атырау мен Ақтөбе облыстарының әкімдері бар. Депутат болғысы келетіндердің ішінде шоу бизнестің өкілдері де көп. Мәселен төменгі палатадағы орынтақтан әнші Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова, президенттің рөлін сомдаған актер Нұрлан Әлімжанов,   Олимпиада чемпиондары Илья Ильин мен Серік Сәпиев те үмітті. Ал кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Генадий Головкиннің де Мәжіліс сайлауына қатысатыны оқылғанда, жиналғандар қуаныштан қошеметін аяған жоқ.

-Генадий қайда? Генадийсен үшін күллі ел ұйқысын қиып сенің жекпе-жектеріңді тамашалайды. Америкамен арадағы айырмашылық 11 сағат болса да. Қарсыластарыңды қаттырақ ұрып елге орал
.

Ал өнер жұлдыздары сахнаны саясатқа ауыстыруға дайын. Тіпті белгілі әнші Қайрат Нұртас депутат бола қалса, қазақ тілі мен мәдениеттің мәселелерін көтермек.

Қайрат Нұртас, әнші, Мәжіліс депутаттығына үміткер:

-Қаншама кеш бердім. Қазақстанның түкпір- түкпір жерлерін араладым. Сондықтан мен ауылда, аудандарда не болып жатқанын өз көзіммен көріп  жатырмын. Қаншама өнер адамдары шыға алмай жатқан бауырларамыз бар. Соларға қолдау көрсетем деген ойым бар.

Нұрлан Әлімжанов, актер, Мәжіліс депутаттығына үміткер:

-Ерте ол. Қазір айтуға болмайды. Себебі мен әуелі өтіп алайын. Атқа қонып белді буып пісімілла деп әрине айтар ой бар.

Дағдарысты сылтау етіп өз еркімен тарап кеткен 5-ші шақырылым депутаттарының 60 пайызы партиялық тізімге енбей қалған. Енді оларға басқа жұмыс іздеуге тура келеді.

Негізі, билік партиясының тізімінде министр мен облыс әкімдерінің болуы доданың саяси салмағын арттыру үшін жасалғандай. Ал танымал әншілер мен әйгілі спортшылардың мәдени шараларға көбірек тартылатыны анық.  Бірақ, олардың бәрі депутат болады деген сөз емес. «Нұр Отан» жеңіске жеткен күннің өзінде, партияның саяси кеңесі 127 кандидаттың ішінен өздері іріктеу жүргізеді. Депутат болу бақыты бұйырмағандары резервке кетеді.