Көкшетауда өткен комиссия отырысында жер мәселесіне қатысты түрлі пікірлер айтылып, сауалдар қойылды. Оның ішінде комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан аймақ басшысынан жеке меншігінде қанша жер телімі бар екенін сұрады.
«Біз жер кодексіне ірі жер иеленушілер құқығын шектейтін түзету енгізуді көздеп отырмыз.Мен өз басым адамға тікелей, тура сауал қойғанды қалаймын. Егер жауап беруге мүмкіндігініз болса, меншігіңізде немесе отбасыңызда қанша гектар жеріңіз бар?», — деді Мұхтар Тайжан.
Аймақ басшысы меншігінде 80 мың гектар жер бар екенін айтты.
«Соңғы кездері менің жеке басыма қатысты біраз пікірлер айтылып жүр. Оның көбі әлеуметтік желілерде. Сондықтан, мен жайлы сұрап білігісі келетіндер болса, әлеуметтік желіден гөрі, тікелей осылай өзімнен сұрағаны дұрыс. Менің бизнесіме келетін болсақ, мен бұл туралы талай мәрте айтым да, жаздым да. Мен бизнес саласында 5 жылдай уақыт жұмыс істедім. Ал, жерге келетін болсам, жасыратыны жоқ отбасымның меншігінде 80 мың гектар егістік жер бар», — деді Сергей Кулагин.