Қазір басы ауыратын автобус жүргізушісі психологиялық жәрдемге мұқтаж. Бұл туралы aktobenews.kz -ға сілтеме жасап Caravan.kz хабарлайды.
Сайт тілшісіне берген сұхбатында Ақтөбе қаласында №1 бағытта жүретін автобустың жүргізушісі 32 жастағы Мұрат Исекенов жедел жәрдем қызметіне жүгінгенін айтады. Өз кезегінде олар қала сыртындағы клиникаға жұмсаған. Мұратты қараған ондағы лор дәрігер «жергілікті учаскелік дәрігерге бар» деп қайтарып жіберіпті.
Қазір туған жері Қобдада жатқан оған толық қаралу үшін жуық арада 15 мың теңге табу қажет. Ал өзі жұмыс істейтін мекеме болса материалдық көмектің болмайтынын меңзепті.
Лаңкестердің ортасында қалып, қарудың дүмімен көлік айдаған Мұрат Исекенов қазір сұмдық оқиғадан сыр берген жүйке жүйесін туыстарының көмегімен ғана қалпына келтіруге тырысуда.
Еске сала кетсек, Ақтөбе қаласында №1 бағытта жүретін автобустың жүргізушісі Мұрат Исекенов 5 маусым күні түс кезінде қару асынған лаңкестердің қолына түсіп қалып, кепілге алынған болатын. Қанды оқиғаның куәсі болған ол әскери бөлімнің қақпасы маңындағы атыс кезінде қашып құтылған.