Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын аяқтағаннан кейiн заңға өзгерiстер енгiзіледi - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын аяқтағаннан кейiн заңға өзгерiстер енгiзіледi

Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын аяқтағаннан кейiн заңға өзгерiстер енгiзіледi

 

  • 15 Маусым 2016
  • 445
Фото - Caravan.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Жер реформасы жөнiндегi комиссия жұмысын аяқтағаннан кейiн Парламент заңнамаға өзгерiстер енгiзудi қарастырады.

Әзiрге Мәжiлiс депутаттары бүгiн Жер кодексiнiң кейбiр нормаларының қолданысын 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейiн тоқтата тұратын заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды BNews.kz.

«Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң кейбiр нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Републикасы заңының қолданысқа енгiзiлуiн тоқтата тұру туралы» заң жобасы жер заңнамасының кейбiр нормаларын қолдануға мораторий енгiзу туралы Президенттiң 2016 жылғы 6 мамырдағы Жарлығын орындау үшiн әзiрлендi. Аталған заң жобасы биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейiн бiрқатар нормалардың қолданысқа енгiзiлуiн тоқтатады.

 

«Атап айтқанда, шетелдiктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдiк заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың үлесi 50 пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге уақытша жер пайдалану құқығын беруге, сондай-ақ ҚР азаматтарына және заңды тұлғаларына мемлекеттiк меншiктегi ауыл шаруашылығы жерiне жеке меншiк құқығын беруге байланысты нормалар уақытша қолданыстан алынады», — дедi ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметов

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бiрқатар ұсыныстар айтқан. Бiрақ қоғамда қызу талқыға түскен бұл түйiндi мәселенi ойластыра келе, Жер реформасы жөнiндегi комиссия жұмысын аяқтағаннан кейiн ғана Жер кодексiне өзгерiстер енгiзу шешiлiптi.

 

«Заң жобасы негiзгi мақсаттары ескерiле отырып қаралды. Бұл ретте, заң жобасын талқылау кезiнде жер қатынастарын реттеу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi пайдалануға қатысты басқа да ұсыныстар түскенiн атап өту керек. Бiрақ бұл сұрақтарды бастамашылар өздерi күн тәртiбiнен алып тастады. Депутаттық корпустың алаңдауын түсiнемiз, сонда да жер заңнамасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi тек жер реформасы жөнiндегi комиссия жұмысын аяқтағаннан кейiн ғана қарастырған жөн деп есептеймiз. Осыған байланысты бұл заң жобасында  Мемлекет басшысының мамырдағы Жарлығына негiзделген ғана нормалар бар», — дедi Мәжiлiстiң аграрлық мәселелер комитетiнiң мүшесi Сергей Звольский.


Депутаттар бұл ұсынысты қолдап, заң жобасын екi оқылымда мақұлдады. Аталған құжат ендi Сенаттың қарауына түседi.

Айта кетейiк, Президент Жер кодексiнiң қоғамдық резонанс тудырған бiрқатар нормаларына 2017 жылға дейін мораторий жариялаған едi.  Нұрсұлтан Назарбаев кең көлемді түсіндіру шараларын жүргізіп, бұл жұмысқа бүкіл партиялар мен қоғамдық ұйымдарды тартып, жер мәселесі бойынша өз позициясын білдірген барлық азаматтарды диалогқа шақыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Президенттiң тапсырмасы бойынша Жер реформасы жөнiндегi комиссия құрылды. Олардың iшiнде Мұхтар Шаханов, Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов, Айдос Сарым, Бекболат Тілеухан, Кенжеғали Сағадиев секілді көпшілікке белгілі тұлғалар бар. Бүгiнгi күнi комиссия өңiрлердi аралап, халықтың пiкiрi мен ұсыныстарын жинап жүр.