Елшілік мәліметінше, 21 шілде күні жетекші отандық автоөндірушілердің бірі — «СарыарқаАвтоПром» компаниясының техникалық мамандарынан құралған өкілдік делегация жұмыс сапарымен Өзбекстанға келеді. Компания Toyota, Hyundai, SsangYong, Geely, JAC және Iveco арнайы техникасының ауқымды түрлерін өндіреді.
«Қазақстандық делегация «Самарқанд автокөлік зауыты», GM Uzbekistan, JV MAN Auto — Uzbekistan секілді ірі өзбек автокөлік кәсіпорындарына келеді. Оның құрамында бірлескен жобаларды құру туралы нақты жоспарларды талқылауға дайын мамандар мен инженерлер болады», — дейді елші.
Қазақстандық тарапты құрамдас және қосалқы бөлшек өндіруге бағытталған бірлескен кәсіпорын құру және Қазақстан мен Өзбекстан нарығында сұранысқа ие болатын белгілі бір автокөлік моделін шығаруды ұйымдастыру қызықтырып отыр.
Елшінің айтуынша, экспорттық жоспар екі тараппен шектеліп қалмайды, жаңа бірлескен кәсіпорын өнімдері үшін Қазақстан барша Еуразия экономикалық кеңістігінің қақпасы бола алады.
«Біздің мемлекеттерімізге заманауи экономикалық жағдайларда жаңа кооперативтік модель табу қажет. Мұнда елімізде немесе Өзбекстанда өндірілетін өнімді көшіруді ұсынып отырған жоқпыз. Біз екі ел нарығында да сұранысқа ие болатын өнімді таба аламыз», — деп атап өтті Е.Өтембаев.