Қазақстанның бокс федерациясы хабарлағандай, қазақстандық Евгений Павлов (49 келі), Оразбек Асылқұлов (52 келі), Әл-Мұхамед Махмұт (56 келі), Санатәлі Толтаев (60 келі), Садриддин Ахмедов (69 келі), Нұрлан Сабыров (81 келі) және Мұхамеджан Тайбағар (91 келі) алтын медальді жеңіп алған. Қыздар арасында Ақниет Әбдіғожа (54 келі), Владислав Кухта (60 келі) және Надира Маратова (+81 келі) Сербия төрінде көк байрағымызды желбіретті.
— Командамыздың көрсеткен ойынына көңіліміз толады, — деді бокс бойынша ҚР жастар құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев. — Бұл турнир — қараша айында Санкт-Петербургте өтетін әлем чемпионатына дайындықтың бір кезеңі. Ол бізге қалай жұмыс істеу керектігін көрсетті. Тамыз айында Германияда өтетін тағы бір халықаралық турнир бар, оған басқа құраммен барамыз.
Біздің командада бәсекелестік өте жоғары. Кім жақсы дайындалып, өзін көрсете білсе, әлем чемпионатына сол барады. Әлем бойынша бокс спорты дамып келеді. Әдеттегідей Ресей мен Куба үздік нәтижелер көрсетуде. Бұл салада бұрын аты шықпаған мемлекеттер де жетістікке қол жеткізуде, мәселен Марокко. Осындай мықты қарсыластармен шайқасып, әзірге жаман нәтиже көрсеткеніміз жоқ.