Жүргізуші Әкімжан Шәмиевтің айтуынша, қоғамдық көлікті жол бойы жағаласқан жүргізушілердің бірі қысып жіберіпті. Жолаушыға лық толы автобус бір күн бұрын Райымбек және Сүйінбай даңғылдарының қиылысында бетон қабырғаға соғылған болатын. Жолаушылардың арасында айы-күні жақындаған жүкті әйел де болған.
Автобустан аузы-мұрны қанап шыққан жолаушылар іште қалғандарға дереу көмек шақыртып жатыр. Бұл кадрларды оқиға куәгерлері түсіріп алған. Жалпы, қабырғаға оңбай соғылған қоғамдық көлікті қызық көріп тұрғандар жетерлік. Соққының қатты болғаны соншалық, автобус жүргізушісі башпайларынан айырылған. Ампутациядан соң есін жиған Әкімжан Шәмиев өзін кінәлімін деп отырған жоқ.
Әкімжан Шәмиев, автобус жүргізушісі:
—Жарысқаным жоқ. Көпірден түсіп бара жаттым. Әріптесіме автобусты бергелі жатқанмын. Кейін быт—шыты шықты бәрінің.
28 жастағы жігіт жол үстінде халі нашарлағанын айтады. Сол себепті де, автобусты басқа жүргізушіге табыстамақ болған екен. Алайда жол бойы жағаласқан көліктердің бірі оған кесірін тигізіпті.
Әкімжан Шәмиев, автобус жүргізушісі:
— Кішкене кезімнен автобуста кондуктор боп істедім. Алматыда автобус жүргізгеніме 8 жыл болды. Жоқ, құдай сақтасын бұндай жағдай болмаған. Жазым ғой енді кімнің басына келмейді?
Жылдамдықты межеден асырмадым деп ант-су ішкен автобус жүргізушісі бұрылысқа келген тұста оны басқа бір көліктің баса оза шауып, осында қарай бұрып жібергенін айтады. Бірақ сол кезде басы ауырып тұрған жігіт ол көліктің не түрін де, не түсін де байқамапты. Осы оқиға салдарынан 13 адам ауруханадан бір-ақ шыққан. Олардың екеуіне ота жасалды. Ал жүкті әйелдің миы шайқалған.
Нұржан Исабеков, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі:
-Ол науқасқа түскен кезде арнайы зертттеу жүргізілді іш қуысына, балаға, сондықтан ешқандай қауіп-қатер болмағандықтан, науқас қазіргі таңда нейрохирургия бөілімінде жатыр. Арнайы ем алып жатыр.
Зардап шеккендердің арасында 14 жастағы бала мен 74 жастағы қария да бар. Зейнеткердің аяқ-қолы сынған. Қазір жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды.