Айлығын айтпай журналистердің сынына ұшыраған Бердібек Сапарбаев ақыры табысын жариялады, деп хабарлайды КТК. Ақтөбе облысының әкімі 863 мың теңге жалақы алады екен.
Бердібек Сапарбаев сонымен қатар өзінің қарамағындағыларының да айлығын жайып салды. Бес орынбасарына мемлекеттен айына екі жарым миллион теңге бөлінеді екен. Ал жақында ғана тағайындалған қала әкімі Ілияс Испановқа 451 мың теңге жалақы қойылыпты. Сондай-ақ, басқа өңірдің басшылары да табыстарын жариялады. Ақтөбеден Қостанай өңіріне ауысқан Архимед Мұхамбетов Сапарбаевқа қарағанда айлықты 150 мың теңге аз алады. Көрші орналасқан Қызылордадағы Көшербаев пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтың айына алатын ақшасы жеті жүз мың теңгеден асады. Мұнайлы мекен Атырау аймағының әкімі Нұрлан Ноғаевтың жалақысы миллион теңгеге жақындайды. Ал Маңыстаудағы Алик Айдарбаев атыраулық әріптесінен екі жүз мың теңге аз алады.