Салтанатты рәсім көздің жауын алатын көріністермен басталып, ол атақты өнер шеберлері қойған концертке ұласты. Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах бастаған мәртебелі меймандар тамашалап отырған шара кезінде бес құрлықтың спорттағы бірлігін бейнелейтін олимпиада логотипі және басқа композициялар мен әндерден кейін Бразилияның Әнұраны орындалып, Туы көтерілді. Оңтүстік Америкаға тән карнавалдық көріністерден кейін олимпиадаға қатысқан мемлекеттердің тулары, соның ішінде Қазақстан Республикасының көк байрағы да алаңда желбіреді.
Өз туларын көтеріп шыққан, қуаныш құшағындағы спортшылар мерекеге ерекше шырай қосуда. Олардың арасында ел мерейін үстем еткен қазақстандық атлеттер де аз емес.