Қазақ балуан Риоға Австралия атынан барған - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+2 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ балуан Риоға Австралия атынан барған

Қазақ балуан Риоға Австралия атынан барған

Өзбекстанда туған этникалық қазақ Талғат Ілиясов олимпиадаға Австралия атынан қатысты. Балуанға Риоға баратын қаржыны мемлекет емес, жанкүйерлер жинап берген.

  • 24 Тамыз 2016
  • 805
Фото - Caravan.kz

Қазақстанды әлі көрмеген спортшы осы елдегі туыстарына келіп қайтпақ, деп жазады Азаттық.

Рио олимпиадасында еркін күрестен 74 килограмм салмақ бойынша белдескен Талғат Ілиясов жүлделі орынға жете алмады. Алғашқы кездесуінде жапониялық Сосукэ Такатанимен күресіп жатқанда шынтағын жарақаттап, жарысты аяқтауға мәжбүр болды.

Талғат Ілиясовтың шынтағын жарақаттап алған сәті. Рио-де-Жанейро, 19 тамыз 2016 жыл.

Талғат Ілиясовтың шынтағын жарақаттап алған сәті. Рио-де-Жанейро, 19 тамыз 2016 жыл.

35 жастағы Талғат Ілиясов Өзбекстанда, Ғазалкент қаласында туған. Ата-анасы – этникалық қазақтар. Әкесі Қалдар қазір Ташкентте тұрады. Ал анасы 2005 жылы қайтыс болған. Екі қарындасы да тұрмысқа шыққан, Қазақстанда тұрады.

Талғат Ілиясов 1995 жылдан бастап еркін күрестен Өзбекстан жасөспірімдер құрамасы сапында күрескен. 1997 жылы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында қола медаль алады. 1999 жылы Австралияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 4-орын иеленеді. Бірақ осы жарыстан кейін ол Өзбекстан ересектер құрамасына ене алмай қалған.


— Австралияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жергілікті балуанды таза жеңдім. Кейін Австралия жастар құрамасының бапкері осы елдің құрамасына шақырды. Екі айға жаттығуға келдім. Виза, жол шығынын өздері төледі. Ал 2000 жылы Мельбурн қаласына көштім. Өзбекстанда маған мүмкіндік болмайтынын сездім. Себебі менің салмағымда Өзбекстан құрамасына Осетиядан балуан келген еді, — дейді ол.

Талғат Ілиясовтың Рио олимпиадасына келу шығынан мемлекет емес жанкүйерлері көтеріп алған. Оған Австралия халқы интернет арқылы 10 мың доллар жинап берген.

— Австралияда спортшы да, бапкер де мемлекеттен ақша алмайды. Олардың жарысқа баруына халық көмектеседі. Маған Риоға келу үшін 20 мың доллар қажет болды. Халық интернетпен 10 мың доллар жинап берді. Сол қаржыға келдім, — дейді ол.