Қазақстанның ұлттық брендін анықтау жөніндегі конкурс басталады
Қазақстанның Ұлттық брендін анықтау жөніндегі конкурс басталады деп жазды ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев өзінің Facеbook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Министрдің пайымдауынша, қазіргі әлемде елдік брендинг мемлекеттің инвестициялық және туристік тартымдылығының деңгейін айқындап, өндіретін тауарларының танымал болуына, халықаралық аренадағы беделіне, тіпті жаһандық еңбек бөлінісінен орын алуына да ықпал ететіні белгілі. Әрине, сапалы елдік брендингке қашанда сол мемлекеттің шынайы жетістіктері негіз болмақ. Бұл дегеніміз халықтың білім деңгейі, инфрақұрылымды дамыту көрсеткіші, сыбайлас жемқорлықпен күрестегі тиімділігі, спорттағы және басқа да жетістіктері. Сонымен қатар, елдің имиджін сауатты түрде ілгерілету үшін онымен байланысты образдар, идеялар мен ассоциациялар креативті, қайталанбас әрі жадыңда жатталып қалатын символикамен біте қайнасуы керек.