“Алғабас-6” ықшамауданындағы барлық үй нығайтылады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Алғабас-6” ықшамауданындағы барлық үй нығайтылады

“Алғабас-6” ықшамауданындағы барлық үй нығайтылады

Алматыда құрылысшылар “Алғабас-6” ықшамауданындағы барлық үйдің іргетасын нығайтатын болды.

  • 31 Тамыз 2016
  • 625
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы “Алматы” телеарнасы хабарлайды.

“Алғабас” ықшамауданындағы №148 үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Алматы қаласы Құрылыс басқармасының мамандары бастаған арнайы жұмыс тобы, бұл үйдің іргетасын нығайту кезінде үй бос тұруы қажет деген шешімге келіпті. Қазіргі кезде қала әкімшілігі барлық шығындарды өз мойнына алып, тұрғындардың жартысын «Саялы» ықшамауданына, қалған жартысын «Алғабастағы» басқа үйге көшіріпті. Ал, тұрғындардың қалған бөлігі өтемақы арқылы өздері пәтер жалдап тұруға келісім беріпті.

Еске салайық, осыдан екі апта бұрын нөмірі 148-үйдің тұрғындары қауіпсіздік үшін алаңдап, Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметке хабарласқан еді. Осы оқиғаға байланысты құзырлы мекеме өкілдері тексеріс жүргізіп, үйдің іргетасын арнайы цементтеу технологиясы арқылы нығайту туралы ұйғарымға келді.

Әуелде жөндеу жұмыстары кезінде еш тұрғын көшірілмейтіні туралы мәлім болған еді. Алайда, құрылысқа жауапты мамандар үйді бекіту кезінде үлкен техникалар жұмыс жасайтындығын ескеріп, тұрғындарды көшіруді ұйғарыпты. Жоспар бойынша №148 үйдің іргетасын нығайту жұмыстары 2 айға созылады.


“№148 үй бойынша қазіргі күні арнаулы мекемелердің есептеулері бар. Ауытқулар әрине бар, бірақ олар мынау белгіленген шектеудің негізінде. Бұл мынау жоғарғы беттік сулардың топырақ қабатына сіңуінен болып отыр.  Жазда болған көптеген жауын-шашынның жоғарғы мөлшерінің әсерінен сондай суларды әкету, суды бұру іс-шараларының жеткілікті болмауынан да болып отыр. Сондықтан, мынау жер бетіндегі сулар топырақ қабатына сіңіп, топырақты шөккізген”, –  деді  Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев.

«Алғабастағы» барлық үйді тексеріп шыққан комиссия ондағы бірқатар үйлерде ауытқулар болғанын анықтаған. Осыған орай, іргетасы сыр берген үйлерді екі кезеңге бөліп нығайту жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.  Бірінші кезекте  9 үйдің, ал екінші кезекте 15 үйдің іргетасын бекіту жұмыстары жасалмақ. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ. Айта кетсек, қазір «Алғабас-6» ықшамауданында жаз басында 34 сантиметрге қисайған №136 үйді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бекіту жұмыстары аяқталғасын, №136 үй пәтер кезегіндегі азаматтарға беріледі.