Павлодарда қылмыстық атқару жүйесі департаменті адвокаттардың уақытша ұстау изоляторында отырған қорғалушылармен жарықтың сөндірілуіне байланысты кездесе алмай жүргенін және осыған байланысты сотқа айыпкерлерді бірнеше сағатқа кеш жеткізіліп жатқанын жоққа шығарды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен аптада Руслан Дзангиевтың адвокаттары қорғалушысымен жарықтың жоқтығы салдарынан кездесе алмай жатқанын сотқа айтқан болатын. Бұған қоса, Дзангиев сотқа кеш жеткізілді. Ал, «Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметі мекемеден осы уақыт аралығында ешбір қоңырау шалынбағанын тілге тиек етті. Десе де, агенттіктің жолдаған ресми сауалына берген жауабында облыстық ҚАЖД басшысының орынбасары, полиция полковнигі Виктор Бикеев жарықтың өшуі мұндай кездесулерді өткізуге кедергі болмағанын мәлім етті. — АП-162/1 мекемесінде 12 қараша — 2 желтоқсан аралығында жарық үш рет сөндірілді, — деді Виктор Бикеев. — Бұл қалалық электржүйесінде болған апатқа байланысты. Мұндай жағдайларда жарық резервтік қуат көзінен алынады. Ал, адвокаттар мен айыпталушының туысқандары уақытша ұстау изоляторында отырған айыпкерлермен еш кедергісіз кездесе алады.