Сенімгерлік басқаруға берілген нысандар қатарында құны 121,6 миллион теңгені құраған облыстық онкологиялық диспансер және қалалық №2 және 7 емханалар, офтальмологиялық орталық, стоматологиялық емханалар, тері-венерологиялық диспансер бар, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың пікірінше, медициналық мекемелерді жеке қолға беру халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жоғарылатуы тиіс. 2018 жылы үш қалалық емхананы, облыстық консультативті-диагностикалық орталық, «Айша бибі» шипажайын сатып алу мүмкіндігімен сенімгерлік басқаруға беру жоспарланған. Әділет органдары құқықтық құжаттарды заңдастырғаннан кейін олардың құнын бағалау жұмыстары жүргізіледі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректері бойынша, 2016 жылы денсаулық сақтау саласына 39 млрд теңге бөлінген, оның ішінде жергілікті бюджеттен — 14,6 млрд теңге. Бүгінде өңірдің медициналық ұйымдары 73,63% жабдықталған. Жамбыл облысында 2 822 дәрігер және 9 974 орташа деңгейдегі медициналық қызметкерлер жұмыс істейді.