Қазақстан мен Қытай 50-ден астам жобаны бірлесіп жүзеге асыратын болды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан мен Қытай 50-ден астам жобаны бірлесіп жүзеге асыратын болды

Қазақстан мен Қытай 50-ден астам жобаны бірлесіп жүзеге асыратын болды

Алдағы 5 жыл көлемінде Қазақстан мен Қытай құны 25-30 млрд доллардан асатын 50-ден астам қазақстандық-қытайлық бірлескен жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

  • 28 Ақпан 2017
  • 335
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ҚХР-на сапарының қорытындысы бойынша сұхбат берген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің Қытайдағы меншікті тілшісі.

«Бүгін біз Қытайдың мемлекеттік органдарының және ірі қытайлық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткіздік. Олардың барысында бірінші кезекте машина құрылысы, көлік, тау-кен кешені, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесіне назар аудардық. Барлық жобалар барынша белсенді жүзеге асырылуда. Біз биыл және келесі жылы ең ірі деген жобаларды жүзеге асыруды бастаймыз деген ойдамыз»,-деді министр журналистерге берген сұхбатында. 

Қасымбек келіссөздер мазмұны жөнінде бірнеше нақты мысалдар келтірді. «Мәселен, біз Қызылорда облысында томат пастасын өндіретін зауыт құрылысы жобасын, Қазақстанда автокөлік өндіретін зауыттың ашылуын және өзге де жобаларды талқыладық. Жалпы алғанда, алдағы 5 жылда біз 25-30 миллиард АҚШ долларының 50-ден астам жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс өңдеу саласында шығарылатын өнім көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді», — деді ол.

«Біз бұл мәселелерді ҚХР даму істері және реформалар мемлекеттік комитетінде де, бизнесте де талқыладық. Одан бөлек, мұнда ҚХР даму істері және реформалар мемлекеттік комитеті мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі арасындағы бірлескен комиссияның 11-отырысы өтеді», — деп жалғастырды сөзін ол.


Министрдің айтуынша, жұмыс сапарының екінші бөлігі көлік және логистиканың даму мәселелерімен байланысты болды. «Қытай көлік министрімен кездесуде біз Қытайдан Еуропаға және керісінше бағытта транзиттің даму мәселелерін талқыладық. Контейнерлік тасымал транзитінің көлемі жыл сайын 2 есеге ұлғаюда. Шамамен 2020 жылға қарай контейнерлік тасымал көлемі жылына 1 миллион контейнерден асады деп болжап отырмыз», — деп баса айтты министр.