Таразда жас ақындар мен әншілердің кеші өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Таразда жас ақындар мен әншілердің кеші өтті

Таразда жас ақындар мен әншілердің кеші өтті

Бұл кеш «Бір өлең, бір әуен» деп аталды. Мұндай жоба осыдан біраз жыл бұрын қолға алынған болатын. Алматыда өткен алғашқы кеште қазақтың көрнекті ақындары мен әншілері аталған жобаға қатысып, көрермен көзайымына айналған еді. Енді бұл жоба еліміздің бірқатар облыстарында да жүзеге асырылып, ел ішіндегі таланттарды танытуға септігін тигізіп келеді.

  • 25 Наурыз 2017
  • 931
Фото - Caravan.kz

Ежелгі шығыс поэзиясынан бастап күні бүгінге дейін жырланып келе жатқан көне Тараз – тағдырлы жырлардың арқауы, деп жазады "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі. Фирдоуси, Хафиз ғазалдарынан осы ғасырда қайта түлеп, қасиетті қара өлеңге ат байлаған жастар Тараз топырағында да аз емес. Бүгінде өлең өрнектеген өлкеде өмір сүріп жүрген жастарды қолдау мақсатында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығы мен «Хұснихат» әдебиетті қолдау қоғамдық қорының бірлесе ұйымдастыруымен Ұлыстың  ұлы күні қарсаңында жергілікті жас ақындар мен әншілердің «Бір өлең, бір әуен» кеші өтті. 

Алматыдан арнайы келген белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы мен қор президенті, ақын Ғалым Қалибекұлы жастарға қолдау көрсетіп, әдеби-сазды кешке қатысты. Ал басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев алдағы уақытта жастардың шығармашылығын дамыту мақсатында бұдан да ауқымды жобалардың қолға алынатындығын кеш барысында айтып өтті.

Мұндай кештер жастардың танылуына, шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына үлкен әсер ететіні сөзсіз. Сондай-ақ, «Бір өлең, бір әуен» деп кештің аты айтып тұрғанындай, жобаға қатысқан әрбір ақын өзінің өлеңін оқып, одан кейін сол ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалады. Бұл күні Перизат Оспанова, Нұржан Әліш, Данияр Әлімқұл, Арайлы Жақсылық және өзге де жергілікті жас ақындар өз өлеңдерін оқыса, ақын өлеңдеріне жазылған әндерді Ғани Мәтебаев, Қайсар Көкішов, Толғанай Атабайлар нақышына келтіре орындап, кеш көрігін қыздырды.