— Біз 15 -шағынаудандағы «Айдын» дәмханасының маңында серуендеп жүргенбіз, итбалықтың өлексесіне кезіктік. Әлі тым кішкентай екен. Жүрек ауырады. Өкініштісі сол, бұл жануарлардың неден қырылып жатқанын әлі ешкім білмейді, — дейді ақтаулық Шолпан есімді тұрғын.
Жаңалықты естігеннен кейін оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен полицейлер жетіп келіпті. Олар өлекселердің республикалық ветеринарлық зертханаға жіберілетінін айтып отыр.
Айта кетейік, Каспий жағалауында былтыр да өлі итбалықтар табылған болатын. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл проблема бұрыннан бар. Алайда, оған бас қатырып жатқан билік жоқ дейді олар.
— Каспидің экологиялық проблемасы көзге анық көрініп тұр. Мұндағы жануарлар әлемі бұдан кейін де қырыла беретін секілді. Біздің қалада итбалықтарға көмек көрсетумен айналысатын арнайы орталық та жоқ. Біз көмектескіміз-ақ келеді, бірақ қалай екенін білмейміз, — дейді ақтаулықтар.