Бұл туралы ОКҚ-де өткен арнайы баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 20-27 маусым аралығында еліміздің 165 ҰБТ өткізу пунктінде жаңа форматта өткізілді. ҰБТ-ға өтініш берген оқушылардың саны 92 мыңнан астам. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуге 88 мыңнан астам оқушы қатысты. Еліміз бойынша орташа балл – 80,5. Жаңа форматта өткен ҰБТ-да ең жоғарғы балды Алматыдағы Мұқағали Мақатаев атындағы мектептің оқушысы Тасан Саят жинады. Оның көрсеткіші — 139 балл. Ал 140 балды ешкім ала алған жоқ», — деді ол.
Сонымен қатар Рамазан Әлімқұлов 74 мыңнан астам оқушының ҰБТ-да төменгі көрсеткіштен жоғары балл жинағандығын атап өтті.
«ҰБТ-да төменгі балл – 50. Емтихан барысында 74 517 түлек осы көрсеткіштен жоғары балл жинады. Бұл – 84%-ды құрайды. Өкінішке қарай, қалған оқушылар төменгі балл жинады», — деді ол.
Оның айтуынша, ҰБТ-дан өте алмаған оқушылар оны қайта тапсыра алады.
«Жаңа ереже бойынша төмен балл жинаған оқушылар тамыз айында ҰБТ-ны қайта тапсыра алады. Егер тамыз айында емтиханнан өте алмаса, ендігі жылдың тамыз айында ҰБТ-ны үшінші рет қайта тапсыруға мүмкіндігі бар», — деді ол.
Сөз соңында Ұлттық тестілеу орталығының директоры емтихан ережелерін сақтамағаны үшін қанша оқушының ҰБТ-дан шығарылғандығын айтты.
«ҰБТ-ның өтікізу ережесі мен тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін тестілеуден 12 адам шығарылды. Тестілеу барысында түлектерден 85 мыңнан астам тыйым салынған заттар алынды», — деді ол.
Айта кетейік, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 20-27 маусым аралығында еліміздің 165 ҰБТ өткізу пунктерінде жаңа форматта өтті. ҰБТ-ға қатысуға мектеп бітіретін 92 827 түлек өтініш беріп, олардың 67 627 (76,3%) қазақ тілінде және 20 968 (23,6%) орыс тілінде тапсыруға өтініш жасаған. Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, 35 мыңнан аса түлек ҰБТ өткізу пунктеріне жеткізіліп, тамақпен әрі 11 мың оқушы тиісті жатар орынмен қамтамасыз етілген. ҰБТ-ны 88 583 түлек тапсырған. Бұл өтініш берушілердің 95,4%-ын құрады.