Бұған дейін тамыздың 3-і күні Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Хассан Роуханидің ел президенті болып сайланғанын ресми түрде мақұлдаған.
Тегерандағы ресми шараға шақырылғандардың арасында Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Федерика Могерини де болды. Ол ант беру рәсіміне дейін президент Роухани және Иран сыртқы істер министрі Джавад Зарифпен кездескен. Олардың қандай мәселелерді талқылағаны туралы әзірше ақпарат жоқ. Тамыздың 3-і күні Amnesty International халықаралық ұйымы Могериниді Иран билігіне түрмедегі құқыққорғаушыларды дереу босату туралы талап қоюға шақырған.
Иран президентінің ант беру рәсіміне Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та қатысып, ұлықтау шарасынан кейін Роухани мен Әбдірахманов кездескен. Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі хабарлауынша, Иран президенті "терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастық, Ирак пен Сирия аумағынан ығыстырылған терроршылардың таралуына жол бермеу қажеттігі" туралы айтқан.
"Министр Иран президентін қыркүйектің 10-11 күндері Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технология бойынша алғашқы саммитіне дайындық жайлы хабардар етіп, ислам әлемі үшін маңызды шараға қатысуға Қазақстан президентінің шақыруын жеткізді", — делінген СІМ ақпаратында.
Хассан Роухани Иранның 2015 жылы әлемдік алты державамен жасаған "ядролық келісімін" өзі басқаратын үкіметтің қол жеткізген ең ұлы жетістіктерінің бірі деп атаған еді. Ол келісім бойынша, Тегеран ядролық бағдарламасын тоқтатуға, ал оның қарымтасына халықаралық қауымдастық Иранға салған экономикалық санкциялардың үлкен бөлігін алып тастау туралы уағдаласқан.