Іс материалдары бойынша, 36 жастағы Наурызовқа 22 шілде күні Орал қаласының Көктем шағын ауданындағы автобус аялдамасында екі адамды автокөлікпен қағып кеткен деген айып тағылған. Оқиға салдарынан Ақтөбе облысындағы Шалқар кентінің 42 жастағы тұрғыны сол жерде мерт болған, оның асырап алған қызы Сандуғаш Сүлейменованың денесінің көп жеріне зақым келіп, ауруханаға түскен.
Наурызовқа қылмыстық кодекстің "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" деп аталатын 345-бабы бойынша айып тағылған. Қаза болған адамның туысы Назгүл Оразаева соттан "Наурызовқа заң бойынша қатал жаза тағайындауын" сұрады.
Бұрынғы полиция қызметкері сотта айыбын мойындап, қаза болған адамның туыстарынан кешірім сұрады.
Жол-көлік оқиғасынан мерт болған және зардап шеккендердің туыстары соттан моральдық зиян мен материалдық шығынның өтемі ретінде сотталушыдан 31 миллион 310 мың теңге (90 мың доллардан аса) өндіртіп беруді сұрап, талап арыз түсірген.