Бейнероликке қатысты әркім әртүрлі пікір айтуда. Оларға сенсек, бұл төртеуі таксиге мініп, ақшасын төлемей түсіп кетпек болған-мыс, — деп хабарлайды Caravan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Ал тәртіп сақшыларының айтуынша, оқиға мүлдем басқаша болған. Яғни, кафе ішінде төбелесіп жатқан бейтаныс екі жігіттің бірі қыздардың бірін қағып кетіп, абайсызда жерге құлатқан. Бұған ашуланған қыз бен оның сол кафеде отырған құрбылары енді далаға шығып, жігітті жабылып сабауға кіріскен. Ашулы қыздардың бірі тіпті қолына бөтелке алып, онымен жігітті басынан ұрады. Қазір қыздардың да, жәбірленуші жігіттің де кім екендері анықталып, олардан жауап алынуда. Ал 4 құрбыға қатысты “бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалған.
Назымгүл Қайсағалиева, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі былай дейді:
— Қазіргі кезде бұл оқиғаға қатысы бар деп танылған 4 қыз бала анықталды. Олар 1991, 92, 97, 99-шы жылы туылған қыздар. Одан бөлек жәбірленуші деп танылған азамат ол 1989 Атырау облысы Қызылқоға ауданы, Миялы селосының тұрғыны.