Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?

Биыл елімізде Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыра бастады.

  • 8 Қараша 2017
  • 4621
Фото - Caravan.kz

Бұл құжат бойынша елімізде не істелуі керек еді және не жасалды деген мәселеге орай Caravan.kz материалдар топтамасын оқырмандар назарына ұсынады.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов жазда «Айқын» газетіне берген сұхбатында аталған бағдарламаның мақсатына кеңінен тоқталған.

Қайрат АйтуғановҚайрат Айтуғанов

– Агроөнеркәсіптік кешенді да­мытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасының мақса­ты – нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті АӨК өнімін өндіруді қамтамасыз ету, — деген еді вице-министр. – Осыған орай, оның негізгі басымдық­тары – ішкі нарықты толықтыру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту, ұсақ және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына барынша тарту, мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын, су және жер ресурс­тарын тиімді пайдалану, сауда-логисти­калық инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің техникалық және химияландыру құрал­дарымен қамтамасыз етілуін арттыру, ғылыми-технологиялық, кадрлық және ақпараттық-маркетингтік қамтамасыз ету.
Бұл ретте, мемлекеттік бағдарламаның бұрынғыларынан басты өзге­ше­лігі – онда ауыл шаруашылығы коопера­циясын дамытуға басты назар аударылған. Осылайша, барлығы 5 жыл ішінде 500 мың жеке қосалқы ша­руашылық пен ұсақ шаруа ферма қожалықтарын ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту жоспарланып отыр. Кооперативтер келесі бағыттар бойынша құрылуда – сүт, ет, жеміс, көкөніс және т.б. жинау. Коопера­тивтер орталықтандырылған түрде мал сою, ветеринария, азық дайындау, агрохимия, өнімді қайта өңдеу және сауда нысан­дарына жеткізу бойынша қызмет­терді көрсететін болады. Көрсетілген шаралар қайта өңдеу кәсіпорындарының жүк­темесін орта есеппен 30%-ға арттыруға және өндіруші мен тұтынушы арасындағы сауда үстемесін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мал шаруашылығы өнімі өндірісінің көлемдерін ұлғайту үшін елдік азықтық теңгерім әзірленеді. Құрама жем өндірісі 1,3 млн тоннаға және құрама жем зауыттарын қосымша жүктеу 48%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылады. Су басқан жайылымдардың алаңы 18 млн гектарға кеңейтіледі.
Өсімдік шаруашылығы өнімі өн­дірісінің көлемдерін ұлғайту мақсатында егісті 2 миллион гектардан астам алқапта әртараптандыру жүргізілетін болады. Сондай-ақ арпа, сұлы, дәндік жүгері, майлы, азықтық және басқа дақылдардың егістері ұлғайтылады.
Агрохимияға, минералдық тыңайт­қыштарды 1,5 есе енгізуді ынталандыруға және сапалы сорттық тұқымдар егістері алқабының үлесін 2 есеге дерлік ұлғайтуға ерекше назар аударылатын болады.
Сапалы тұқымдарды пайдалану көзделген сома шегінде субсидиялау теті­гін жетілдіру есебінен жүзеге асы­рылады.
Мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын тиімді пайдалану үшін АӨК субъектілерін субсидиялаудың және оларға «ҚазАгро» арқылы несие берудің қазіргі жүйесіне айтарлықтай өзгерістер енгізілді.
«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ кредиттік саясаты саланың алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер есебімен түзетілді. Осылайша, кредиттік ресурстармен ауыл шаруашы­лығы тауарын өндірушілердің барлық санаттың қамтылуын кеңейту жос­парланған. Бірінші тәртіпте, кредиттік өнімдер ауыл шаруашылығы коопера­тивтеріне, шағын және орта агробизнеске бағдарланады. Енді көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына несие беру саясаты қайта қаралып, ауыл шаруашы­лығы өндірушілері үшін соңғы мөлшер­леме 6%-дан аспайды (өткен жылдары соңғы мөлшерлеме 9-10%-ды құраған болатын). Сондай-ақ шешім қабылдаудың айқындылығы мен субсидиялар және кредиттер беру тәртібін оңтайландыру мақсатында, субсидиялау және кредиттеу үрдістерінің автоматтандырылуы ен­гізілетін болады.
Жаңа мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде АӨК субъектілерінің тех­никалық жабдықталу деңгейін жоғарлату бойынша шаралар қайта қаралды. Мұнда соңғы уақытта ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жаңартуда ірі агрохолдингтердің қымбат импорттық техника сатып алуы жағына диспаритет қалыптасқанын атап өткен жөн. Бұл жалпы АӨК бойынша машина-трактор паркі мен ауыл шаруашылығы жабдық­тарының жаңару үрдістерінің бәсеңдеуіне себеп болды. Жағдайды түзету үшін инвестициялық субсидиялар норматив­тері бағасы қымбат емес техникаға бағдарланатын болады.
Келесі міндеттер АӨК инфрақұры­лымның дамуы мен ғылыми-кадрлық қамтамасыз етілуімен байланысты. Мақсатты экспорттық саясатты іске асыру жоспарлануда. Ол үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ негізінде АӨК экспорттық орталығын құру процесі жүргізілуде. Оның қызмет­тері – нақты өткізу нарықтары (Ресей, Қытай, Үндістан, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері) үшін экспорттық каналдар құру мен жол карталарын жасау.
АӨК мемлекеттік реттеуді жетілдіру мақсатында жер қатынастары, ветери­нария, фитосанитария, органикалық өнімдер, ғылым саласында қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзгерістер енгізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Қайрат Айтуғанов Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы кездері егістік алқабын әртараптандыру мәселесіне мән беріп жүргеніне қатысты ойын да айтты.

– Мал шаруашылығын дамыту, оған қажетті жем-азық мә­селесін шешу мақ­са­тында Агро­өне­р­кә­сіптік кешенін да­мытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған мем­лекеттік бағ­дар­­ла­­масы­мен мал азықтық да­қылдардың егіс алқабын ұлғайту жөнінде индикативті көрсеткіштер бекітілген. Осы міндетті орындауды қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы дақылда­рының егіс алқабы құрылымын әртарап­тандыру бойынша меморандумдар жасалып, 2016 жылмен салыстырғанда 2021 жылға мал азықтық дақылдардың егіс алқабын 27,5%, оның ішінде сүр­лемдік дақылдарды 2 еседей, біржылдық шөптерді – 34,9%, көпжылдық шөптерді 19,9%-ға арттыру көзделді.
Әртараптандыруды қамтамасыз ету мақсатында бағдарламада басымды дақылдар өндіруді (мал азықтық дақылдар бойынша гектарға төленетін субсидия сақталады), минералды тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын арзандатуды, тұқым шаруашылығын дамытуды суб­сидиялау, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендіру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың бірталай шара­лары көзделуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармаларының алдын ала деректері бойынша мал азықтық дақылдардың алқабы биыл 4 млн гектардан астамды құрап, 2016 жылмен салыс­тырғанда 542 мың гектарға көбейген. Демек, шаруалар тарапынан бұл мәселе бойынша толықтай түсіністік пен қолдау бар деп пайым­даймыз. Бұдан басқа өткен жылмен салыстыр­ғанда майлы дақылдардың егіс алқабы 337 мың га, дәнді бұршақты дақылдар – 209,3 мың га, жармалық дақылдар – 208 мың га, қант қызылшасы 5,8 мың га-ға артқанын атап өту керек, — деді вице-министр.

******************************************

Ал 23 қазанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Парламент Мәжілісінің депутаттарына агроөнеркәсіп кешенін дамыту карталарын таныстырды, деп хабарлады ҚазТАГ.

Министрлік сайтында жарияланған ха,арда айтылғандай, бүгін Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде «АӨК-ті дамыту Карталары – ауыл шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Өздеріңіз білетіндей, Елбасының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап АӨК-ті дамытудың 2021 жылға дейінгі бағдарламасы толық ауқымда іске асырыла бастады. АӨК үшін мемлекеттік қолдау және Бағдарламаны жүзеге асыру үшін Министрлікте ауыл шаруашылығының басты бағыттары бойынша АӨК-ті дамыту Карталары жасалды.

Даму Карталары негізгі мәселелерге толық қанды талдау жүргізіле отырып жасалып, дамыту бойынша келесі нақты шаралар қарастырылған:


– ауыл шаруашылығы кооперациясы;

– аграрлық қайта өңдеу;

– АӨК-ні қарқынды техникалық қайта жарақтандыру;

– тұқым шаруашылығы;

– фитосанитариялық іс-шаралардың тиімділігін арттыру;

– агрохимия;

– азық өндірісі (азық теңгерімі);

– көтерме-тарату орталықтары;

– егістікті айналымға тарту;

– шалғайдағы қой шаруашылығы;

– аграрлық ғылымды түбегейлі жаңғырту;

– сиыр еті өндірісі;

– мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру.

Депутаттық корпусы алдында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов: «АӨК-ті әрі қарай дамыту үшін маңызды мәселелер анықталып, жүйеленген нақты индикаторлары Карта түрінде әзірленді» – деп атап өтті. Мәселен, ауыл шаруашылығы кооперациясы Картасы қабылданып, оны іске асырудың арқасында ағымдағы жылы мал шаруашылығында алғашқы нәтижелерге қол жеткізілді. Мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 3,3 %-ға: ет өндірісі 5,7%-ға, сүт өндірісі 2,8%-ға ұлғайды. 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 56 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықты қамтыған 745 кооператив құрылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкер болып қайта тіркеліп, 5 968 бордақылау алаңын құрды. Аталған бордақылау алаңдарының қуаттылығы – 102,5 мың басты құрайды. Аграрлық қайта өңдеуді дамыту үшін егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, алғаш рет қайта өңдеу кәсіпорындарының Деректер базасы

қалыптастырылды. Импорт үлесінің жоғарылығын, жүктелмеген қуаттылықты және шикізаттық әлеуетті ескере отырып, қайта өңдеудің 9 басым түрі айқындалды. Картаға сәйкес 79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту керек. Картаны іске асыру барысында қайта өңделетін өнімдердің жалпы өндірісін 1,9-дан 3 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. АӨК-ті дамытудың өзекті мәселелерінің бірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің техникалық жарақтануы болып табылады. Ауыл шаруашылығы техникасының паркіне жүргізілген талдау барысында техникаларды қолдану мерзімі 17 жылдан асып кеткенін көрсетіп отыр. Бұл ретте, аталған тракторларды жөндеу мен жанар-жағармай шығыны 20%-ға өсіп, астық жинау барысында зиянын тигізетінін көрсетті. Картаны жүзеге асыру машина-тракторлы парктерді жаңалау қарқынын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру көлімін ұлғайтуға және импорттық техникалар көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Өкінішке орай, соңғы жылдары астық сапасының жыл сайын төмендеп келе жатқаны байқалады. Негізгі себебі 2015 жылы элиталық тұқымдарды субсидиялау тоқтатылып, оларды субсидиялау кезіндегі ең төменгі нормалардың белгіленуі болып табылады. Нәтижесінде себілген элиталық тұқым үлесі 2014 жылғы 6,3%-дан 2016 жылы 3,5%-ға дейін төмендеді. Тұқым шаруашылығын қолдау және минералды тыңайтқыштар қолдану бойынша қабылданған шаралардың арқасында ағымдағы жылы бұл жағдайды дұрыстай алдық. Биылғы астық түсімінің сапасы өткен жылдың өнімінен бірнеше есеге өсті. Тұқым шаруашылығы Картасында субсидиялау механизмін жетілдіру, тауарлы егістерге 1-репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалануға біртіндеп көшу ұсынылды. Тұқым шаруашылығы Картасын жетілдіре отырып, сұрып алмастыру мен сұрып жаңартуды жылдамдатуға, өнімнің түсімділігі мен сапасын арттыруға және жалпы жиналымға 8,3 млн. тоннаның қосылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Картада өсімдіктерді қорғау, агрохимия, жем-шөп өндіру, егістік алқабын ұлғайту, шалғайдағы қой шаруашылығы, көтерме-тарату орталықтары, аграрлық ғылымды жаңғырту мен мемлекеттік қолдау сондай-ақ, АӨК-ті дамытудың әр саласына нақты шаралар қарастырылған. Қазіргі таңда, Карталар Министрліктің, «Атамекен» ҰКП-ның алаңында, сондай-ақ өңірлерде салалық қауымдастықтар және одақтар, қоғамдық кеңестер, агробизнес және ғылыми ұйымдар өкілдерімен талқыланды және барлық мүдделі тараптарды ескере отырып пысықталды. Даму Картасы АӨК-ті жаңа сапалы деңгейге көтеруге, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі азық-түлік нарығы тұрақтылығын нығайтуға және саланың экспорттық бағдарын күшейтуге мүмкіндік береді.

Депутаттық корпус өкілдері ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға арналған Караталарды бірауыздан қолдап, алғаш рет АӨК-тің негізгі мәселелеріне нақты талдау жүргізіліп, оны шешу жолдары қарастырылғанын айтты.

**********************************************

Тура осы 23 қазанда Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов Агроөнеркәсіптік кешенді да­мытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы айтып берді, Primeminister.kz.

Спикердің айтуынша, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2017 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға ұлғайтылып, 2,9 трлн теңгені құрағанын атап өтті. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі аталған кезеңде 5,3%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгені құрады.

Жыл басынан бері 1 қазандағы жағдай бойынша 745 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған (жылдық жоспарда – 326). 102 587 ірі қара малға арналған 6 159 отбасылық бордақылау алаңы ашылды. Қабылданған шаралар 7,6 мың жеке кәсіпкерлерді тартып, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперациясына шамамен 56 мың жеке қосалқы және ұсақ шаруашылықтарды тартуға мүмкіндік берді.

Мал шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,3%-ға ұлғайтылды. Биыл жүргізілген егісті әртараптандыру жұмыстары майлы және бұршақты дақылдар өндірісінің көлемін 376 мың тоннаға немесе өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 18%-ға ұлғайтуға жол ашты.

18 қазандағы жағдай бойынша, 15,2 млн га немесе 99,7% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқаптары жиналды. 14,3 ц/га егін өнімділігі кезінде 21,8 млн тонна астық бастырылды, сонымен қатар 1,7 млн га немесе 68% майлы дақылдар алаңы жиналды.

3,3 млн тонна картоп жиналды, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 709 мың тоннаға жоғары. 3,2 млн тонна көкөніс (654 мың тоннаға жоғары), сондай-ақ, 2,2 млн тонна бақша дақылдары (126 мың тоннаға жоғары) жиналды.

Вице-министрдің айтуынша, 2017 жылдың тоғыз айында ет өңдеу үлесі 33%, сүт өңдеу – 24%-ды құраған. Өңдеудің басымдықты тоғыз түрін дамыту үшін есептер жүргізіліп, әрбір облыс пен аудан бойынша агроөңдеуді дамытудың картасы әзірленді.

«Карталарды іске асыру агроөнеркәсіптік кешенді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын нығайтуға және саланың экспорттық бағдарын күшейтуге мүмкіндік береді», — деп сөзін қорытындылады Қ. Айтуғанов.