Қырғызстанда ерлі-зайыптылардың ажырасу мәселесі билікті алаңдатып отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қырғызстанда ерлі-зайыптылардың ажырасу мәселесі билікті алаңдатып отыр

Қырғызстанда ерлі-зайыптылардың ажырасу мәселесі билікті алаңдатып отыр

Қырғызстанда әрбір алтыншы отбасы ажырасады.

  • 28 Желтоқсан 2017
  • 176
Фото - Caravan.kz

Мұндай көңіл көншітпейтін көрсеткішті елдің ұлттық статистика комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.

Ажырасу фактісі ауылды жерге қарағанда, қалада тұратын отбасылардың арасында үш есе жиілеген. Басты себеп – жас жұбайлардың материалдық жағдайы мен еңбек миграциясы. «Отбасылық өмірдің қиындықтары тек экономикаға ғана тәуелді емес», – дейді мамандар.

Жиі ажырасудың басты себебі ерлі-зайыптылардың әлеуметтік жағдайына байланысты. Отбасын құрғаннан кейінгі бақытты өмір пәтер ақысын төлеу мен балаға тамақ алатын ақша болмағанда аяқталады. Жалақысы жоғары жұмыс табамын деп жүріп, жұбайының сұранысы күн санап артқанын да байқамай қалады. Тіпті өзі ойлағандай қызмет орны табылса да отбасы екінші орынға ысырыла бастайды.

Сайкал Жунушова, әлеуметтік ғылымдар кандидаты:

– Бүгінде кейбір жастардың отбасылық құндылыққа деген көзқарасы өзгерген. Жастар алдымен қызметте мансапқа қол жеткізіп, содан соң отбасын құрғылары келеді. Ал жиі ажырасулар әлеуметтік-экономикалық дағдарысты білдіреді. Ол негізінен еңбек миграциясына байланысты.

Отағасы отбасын тастап, өзге елге жұмысқа кетіп жатады. Осылайша еңбек миграциясы талай шаңырақты шайқалтқаны анық. Соңғы кездері қыз-келіншектер жолдасының келгенін күтпей, отбасылық мәселелерді өздері шешуге дағдыланған. Тіпті ортақ баланың болуы да оларға кедергі емес. Кейбірі баланы ата-әжесіне тастап, жұмыстың жетегінде кететін көрінеді. Әлеуметтанушылардың зертеуінше, Қырғызстанда әйел атаулының ер адамдардан экономикалық тәуелді болуы жыл санап төмендеп келеді. Сол себепті бұл да ажырасуға итермелейтін негізгі фактордың бірі болып отыр.

Светлана Нагорная, отбасылық психолог:


– Жұмыстан шығып қалу, материалдық тұрақсыздық. Бұлар отбасына айтарлықтай әсер етеді. Көбіне ондай жағдайларда ер адамдар дәрменсіздік танытса, әйелдер қимылдай бастайды. Жұмысқа белсене кіріскенде, оған үйдегі ынжық күйеуі керек те болмай қалады. Себебі қазір 50 жыл бұрынғыдай әйел адам тұрмыста болу керек деген заңдылық көбіне маңызды емес.

Билік өкілдерінің «отбасы – қоғамның әлеуметтік негізі» деп айтатыны бекер емес. Соған қарамастан, отбасын нығайту институттары әлі де жоқтың қасы. Сәйкесінше жас жұбайлар өз мәселелерімен жеке қалады. Мемлекеттен көмек күтпейді. Бұл ретте дәм-тұзы жараспағандардың дені жастар екенін атап өткен жөн. Бұл – бала туу көрсеткішінің кеміп жатқанын аңғартады деген сөз. Әлеуметтанушылардың пайымдауынша, демографиялық дағдарыс деп айтуға әлі ерте, дегенмен ойланатын уақыт жетті.