Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Болғанисовтің сөзінше, бүгінгі таңда Қазақстан өнімді шетелде ілгерілету үшін электрондық алаңдарды белсенді пайдаланып жатыр. Атап айтқанда, Азиядағы ең ірі B2C алаңдарының бірі Қытайдың JD.com платформасында 14 қазақстандық кәсіпорын ұсынылған. Сонымен қатар, Еуропа елдерінің, БАӘ-нің қосымшаларымен өзара іс-қимыл мәселелері пысықталуда.
Былтыр JD.com-да 44 өнім түрі болды. Онда көбіне тәттілер, май, ұн сатылды. Шамамен 1 миллион 400 мың юаньға сауда жасадық. Қазір бұл жұмыс белсенді түрде жалғасуда, — деді «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Айтмұхамед Алдажаров.
Бауыржан Болғанисов министрлік ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша 4 бағыт бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Ең бірінші Қытай халық республикасына экспорт жасаймыз. Өйткені ол жақта біздің өнімдерге деген сұраныс жоғары деңгейде. Біздің тауарларымыз экологиялық таза болып есептеледі. Екіншіден, Парсы шығанағы жағы, яғни БАӘ және Сауд Арабиясы елдерімен сауда байланысымыз бар. Үшінші бағыт — Еуропа елдері. Олардың ішкі өнімді қорғауы өте жоғары, сол себепті Еуропа нарығында Қазақстан өнімі пайда болғаны өте жоғары көрсеткіш деп санаймын. Төртінші бағыт — ТМД елдері, — дейді ол ОКҚ-да өткен брифингте.
Сонымен қатар Бауыржан Болғанисов көрші елдерге қандай өнімдердің экспортталатынын айтты.
Мәселен, Аралтұзы Ресей Федерациясында «славянка» деген атаумен шығады. Яғни түсі мен атауы өзгеріп, ребрендинг жасалды десе болады. Көрші елде су өнімдерімізде де көптеп сатылып жатыр. Маусым болған кезде көкеністердің бәрі сол жаққа тасымалданады, — дейді департамент басшысы.