Парижде жүрген әнші сахна сыртында қазақ баласын кездестіргенін айтып, оның аянышты тағдырын инстаграм парақшасында жазды.
“Лувр алаңында наурыз тойы қызған кез еді. Мен саxнаның арт жағында өз кезегімді күтіп, қазақ костюмімді қызықтап келген француздар мен басқа да ұлт өкілдерімен фотоға түсіп, бар білген ағылшыныммен француз тілімді былдырлатып араластырып, жартысын эмоцияммен аузы басымды жыбырлатып, қолымды сермеп, барлық жестикулияциямды қосып, ойымды жеткізіп мәз боп тұрғанмын.
Жаныма бір француз әйелі келіп, әлдеңені түсіндіре бастады. Бірден түсінбесем де, басымды изей бердім, музыка қатты ойнап тұрғасын қатты тақалып, құлағыма ыссы демімен үрлеп, әлдеңені айтып жатыр, бір сәтте тілден бөлек “сана-түйсігім” қосылғандай болды, тыңдай бастадым. Ол маған бір сөйлемді қайта-қайта айта беріп еді, жүрегім “шым” етті, әлі дұрыс түсінген жоқпын. Қасындағы баланы көрсете береді де. “Mon fils kazakh”- деп қайталай береді, сол сөйлем құлағымда әлі тұр”, – деп бастады әңгімесін әнші.
Қазақтың баласын көргенде жүрегі дір ете түскен әнші көп сөзбай аудармашыны шақырған. Сөйтіп, француз әйелінің қасындағы жасөспірімнің ұлты қазақ екенін білген.
“Мына фотодағы баланы төрт жасында асырап алыпты. Жезқазғандікі екен. Ұлты – қазақ, аты – Мұxаммед. Бірақ қазір екі есімі бар, қазақша-французша. Жасы он төртте. Менің қабылдауымда оның көзі мұңға толы, еңсесі ерке балаға ұқсамайтын сияқты, әлде менің көзіме солай көрінген шығар? Әйтеуір мен дәл осы жолы әлсіздік таныттым. Шыдай алмай, баланы құшақтай алдым. Кәдімгідей бүкіл қазақтың құшағын сыйлағым келді, іштей сіздерден сәлем айтқандай болдым.
Тамағыма бірнәрсе кептеліп, жүрегім тарсылдап, жақ-сүйектерім жыбырлап-ашып, мұрнымның ұшын ызалы жас кернеп, бара жатыр. Ел жан-жағымнан менімен фотоға түсіп жатқасын, көз жасыма ерік беруге ұят қысып, ит-зықым шығып тұр. “Тамара Асар, қазір саxнаға шығасың, бұл Франция, Париж, Лувр, Қазақстанның наурызы, елдің, елшіліктің абройы, пора-пораң шығып, саxнада жылап тұрмақпысың? Жылама, жылама” деп өзімді-өзім іштей тежеп, аутотренинг жасап, бойымның дірілін тоқтатуға тырысып, фотообьективтерге “кезекші жымиюдан” қосып, езуімді күшпен тартып тұрдым да, саxнаға көтеріліп кеттім. Алланың жазғаны осылай болған шығар, Мұххамед – Пайғамбардың аттасы, қазақтың қаны, француздың ұлы Мұxаммед”, – деп түйіндеді сөзін ол.
Оқи отырыңыз:
Франция сахнасында Тамара Асардың ұлы домбыра тартты
Белгілі әнші тағдырындағы талайлы сынақ туралы айтып берді