Ипотекасын төлей алмағандардың баспанасын тартып алуға тыйым салынбақ - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ипотекасын төлей алмағандардың баспанасын тартып алуға тыйым салынбақ

Ипотекасын төлей алмағандардың баспанасын тартып алуға тыйым салынбақ

Борышкерлердің кредит төлеу мәселелерін реттейтін заң жобасы әзірленді.

  • 20 Сәуiр 2018
  • 64
Фото - Caravan.kz

Ипотекалық қарызы бар азаматтардың жалғыз баспанасын тартып алуға тыйым салынуы мүмкін. Бұл норма "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілеттігін қалпына келтіру туралы" заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділовтың айтуынша, заң жобасы Қазақстан азаматтарының берешегі мәселесін реттеуді көздейді. Статистика көрсетіп отырғандай, ел тұрғындарының негізгі кредиторлық қарызы банк алдындағы берешек болып отыр. Орташа алғанда 1 миллионға жуық адамның уақытында төленбеген несиесі немесе салық берешегі бар. 

"Заң жобасына сәйкес, төлем қабілеттігін қалпына келтіру процесін бастау үшін борышкер заңда көрсетілген талаптарға сай келуі тиіс. Ең алдымен, адамның төлем жасайтын жағдайы болмауы керек. Яғни, азаматтың берешегі оның активтерінен көп болуы шарт және үш айдан астам уақыт бойы міндетін орындамауы тиіс. Егер оның банкте қарызы болса, несиелеу шарттарын өзгерту туралы өтінішпен банкке жүгінуге міндетті", — деді вице-министр мәжілісте жеке тұлғалардың банкроттық мәселелері тақырыбында өткен отырыста. 

Азаматтың төлем қабілеттігін қалпына келтіру процесі жоспар құрудан және сот шешімі негізінде борышкердің мүлкін өткізу рәсімінен тұрады. Кредитормен келісім жасала отырып, бес жылға жоспар жасалады. Жоспарды қаржылық әкімші борышкер мен кредитордың пікірін ескере отырып, үш ай ішінде әзірлейді. Бұл ретте, мойнында берешегі бар азаматтың тұрақты табысы болуы керек. Өз кезегінде кредиторлар қарызды төлеудің мерзімін ұзартуды немесе бөліп төлеуді, арнайы өсімпұлдар мен айыппұлдар, берешектің бір бөлігін кешіру және басқа да шаралар ұсынуға міндетті. 

Ал борышкердің тұрақты табысы болмаған немесе жоспардың талаптары бойынша борышкер мен кредитор келісімге келе алмаған жағдайда, не болмаса азамат жоспарды орындамаған кезде мүлікті өткізу рәсімі қолданылады. 


"Заңға сәйкес өндіріп алуға жатпайтын мүлік сатылмайды. Сонымен қатар, борышкердің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етпейтін жалғыз баспанасы, егер оның тұрғын алаңы үйде тұратын бір адамға есептегенде 18 шаршы метрден аспаса, сатуға жатпайды", — деді ол. 

Оның айтуынша, сатылудан түскен қаражат кредиторлар арасында үлестіріледі, ал қалған қарыз сот шешімі бойынша есептен шығарылады. Мұның алимент пен адамның өміріне немесе денсаулығына келтірілген залалды өтеуге қатысты берешекке қатысы жоқ.

Заңды әзірлеушілер қарызынан құтылуды ойлаған борышкерлер жаппай уәкілетті органның табалдырығын тоздырмас үшін белгілі бір кедергілерді ойлап тапқан. 

"Үш жыл бойы банктерден несие алу, біреуге кепілдік ету, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, шаруа қожалығын ашу, әкімші, медиатор, нотариус, бағалаушы, адвокат, аудитор, сот орындаушысы болып қызмет ету құқығына шектеулер қойылады", — деп атап өтті Байеділов.  

Бұдан бөлек, қарызын қайтарудан жалтару үшін жалған өтініш берген азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 

Заң жобасын қаржы министрлігі 20 сәуірге дейін үкіметке, ал парламент қарауына маусым айында ұсынады. Құжат 2021 жылдың бірінші қаңтарынан күшіне енеді деп жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз:

ШҚО-да Ұлы Отан соғысы ардагерлері 500 мың теңге көлемінде сыйақы алады