Деннис Кинге әсіресе оңтүстік астана қатты ұнаған. Ол дәл осы жерде тұрады, экскрусия өткізеді, Алматы туралы сайтты жүргізеді. Бұған қоса ағылшын тілін үйретіп, қаланы зерттеумен айналысады.
Ол Лос-Анджелесте туып өскен. Төрт жыл бұрын Алматыға біржола көшіп келді. Өзінің ерекше оқиғасымен бөліскен Деннис Caravan.kz тілшісіне қазақстандық туризмді дамыту америкалық жігітке не үшін қажет болғанын айтты.
— Америкалықтар мен қазақстандықтардың мінез-құлқында қандай айырмашылықтар бар, ол қалай байқалады?
— Өзгешелік бар. Америкалықтар көбіне дербес болып келеді, ал қазақтар ұжымдық негізде өмір сүреді. Америкалықтарды билікке, беделділерге күмән келтіруге үйретеді. Ал бұл уақыта қазақтарды бағынышты болуға үйретеді.
— Алматыда сізді не нәрсе көбірек таңқалдырады?
— Архитектурадағы кеңестер дәуірінен қалған белгілердің көптігі таң қалдырады. Бұған қоса осының барлығын жоғалтып алуымыз мүмкін екені алаңдатады. Ал көшедегі арықтардың дұрыс жұмыс істемейтіні жұмбақ болып қалды.
— Алматының қандай жерлері шетелдіктерге көбірек ұнайды?
— Көк базар шығар. Себебі бұл жерде туристердің күткеніндей шығыс елінің қандай болатыны көрініс береді. Ол жердегі адамдар да кеңпейілді, көңілді. Шетелдіктер ерекше тамақтардан дәм татып көреді.Мысалы: құрт, қымыз. Мұның бәрі олар үшін өте қызық.
— Қазақ тілін үйрену оңай ма? Қазақ тілін күнделікті өмірде қолданасыз ба?
— Кез келген тілді үйрену қиын.Мен әлі күнге дейін кейде аудармашының көмегін пайдаланамын. Қазақ тілінің граматикасы негізі орыс тіліне қарағанда оңайырақ.Бірақ тілді күнделікті өмірде қолдана бермеймін.
— Сіздің әйеліңізді қазақ деп естідім, ол рас па?
— Иә. Біз Алматыдағы тіл орталығында бірге жұмыс істейміз. Ата-анасы бізді үнемі қолдап отырады.Қазақ халқы үшін дәстүр әр уақытта маңызды. Олар менің қазақ тілі мен дәстүрін білетінімді ұққан соң тынышталды.