Өскемен қаласының № 2 соты кәсіпкерден тексеру жүргізбеу үшін пара алған төтенше жағдай департаментінің өкіліне қатысты үкім шығарды.
Кәсіпкерлік нысанда өрт шыққанына байланысты азаматтық қорғаныс капитаны онда тексеру жүргізуі тиіс болған. Оның орнына өрт сөндіру қызметінің өкілі 45 мың теңге пара талап еткен.
Сот оны алған парасының 60 есесін төлеуге міндеттеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен біржола шеттетіліп, азаматтық қорғаныс капитаны шенінен айырды.
«Востоквторремонт» ЖШС-де өрт шыққаны туралы диспетчер пультіне дабыл түскен. Қолданыстан шығарылған вагонды кәсіпкер қойма ретінде пайдаланып келген. Өрт сөндіру жасағын бастап келген капитан қызыл жалынның тұтану себебі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болғанын анықтайды. Кәсіпкерге ол туралы хаттама толтыратынын айтып, нысан құзырлы органның тұрақты тексеруіне алынатынын ескертеді. Ал істі «жабу» үшін 45 мың теңге төлеуге болатынын айтады. Бұл оқиғаны кәсіпкер сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіне хабарлаған. Күдікті пара алып жатқан жерінде ұсталған. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ», — делінген №2 қалалық соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.