Балалардың сағын сындырмауға тырысамыз - Нұрсерік Дүнгенбайұлы - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Балалардың сағын сындырмауға тырысамыз - Нұрсерік Дүнгенбайұлы

Балалардың сағын сындырмауға тырысамыз - Нұрсерік Дүнгенбайұлы

Бала біздің болашағымыз. Бірақ балалардың шығармашылыққа әуестігіне қаншалықты мән беріп жүрміз? 

  • 15 Ақпан 2019
  • 257
Фото - Caravan.kz

Балалар шығармашылығында байқауларды ұйымдастырып жүрген Республикалық "Жас-Дарын" дарынды балалар орталығының жетекшісі Нұрсерік Дүнгенбайұлы бірқатар сұрақтарымызға жауап берді: 

— Балалар шығармашылығымен қанша жылдан бері ұйымдастырып келе жатырсыздар? Республика көлемінде жылына бір рет қана өтетін шығар?

Республикалық «Жас дарын» дарынды балалар орталығы құрылғанына үш жылға таяу уақыт болды. Балалар байқауына келетін болсақ, «Самға самұрық» байқауы жылына екі рет екі кезеңнен өтеді. Сонымен қатар, айтулы мерекелік шараларымыз бар. Мәселен, жыл сайын наурыз айында «Армысың, әз Наурыз», 1 мамырда «Бірлігіміз жарасқан», 9 мамырда «Бабалар ерлігі – Халқымның бірлігі», 1 желтоқсанда «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» 16 желтоқсанда «Тәуелсіздік Тәңірден келген тәтті сый» атты авторлық жобаларымыз бар.

Бұрынғы балалар мен қазіргі баланың айырмашылықтары қандай? Дайындыққа қаншалықты мән береді? Қызығушылықтары қандай?

— Балалардың қызығушылығы әрине жоғары. Себебі, республикалық байқау болғандықтан бұл жерге аудандық, облыстық сайыстардан алдына жан салмай, оза шауып бәйге алған дарынды дарабоздар келеді.

Балалар қай шығармашылық түріне көбірек мән береді? Би, ән, көркемсөз, бейнелеу өнері деген сияқты.

— Бізде жеті жанр бойынша сынға түседі. Әр категорияда жас ерекшеліктеріне орай бес бас жүлдеден бар. Яғни, 3-5 жас, 6-9 жас, 10-13 жас, 14-17 жас және 18-21 жас. Мәселен, ән сайысына келген 3 жастағы бүлдіршін мен 20 жастағы ересек баланы қатар бағалау ол әрине дұрыс емес. Сондықтан балалар өз қатарларымен сайысқа түседі. Тікелей сұрағыңызға келетін болсақ, әр байқау сайын әртүрлі. Бірде көркемсөз жанрына балалар көптеп келсе, бірде эстрдалық вокал, кейде тіпті аспапта өнер көрсететін өрендердің қарасы көбейеді.

1-ші ақпанда өткен байқауда 3 жас пен 21 жас аралығы деп көрсетілген. Неліктен тек мектеп жасындағы балаларға болмады?

— Себебі, еліміздің орта арнаулы және жоғары оқу орындарынан да ұсыныстар көптеп түседі. Сондықтан, студент жастарды әділқазылар бөлек бағалайды. Қазіргі таңда, «Самға самұрық» байқауы алыс жақын шет мемлекеттердің өнерпаздарын де қызықтырып отыр. Алдағы байқауымызға Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен өтініштер түсіп жатыр. Яғни, республикалық деңгейден халықаралық деңгейге қадам жасап жатырмыз.

Байқау кезінде қандай қиындықтар туындайды? Балалардың бәрі орын аламын деп келетіні белгілі. Орын алмаған оқушының көңіл-күйі қалай аулайсыздар. Жылап жататындары да көптеп кездесетін болар.

— Әрине, әрбір бала шабыттанып, қанаттанып, дайындалып келетіні анық. Дегенмен бәйгенің аты – бәйге. Кейде үнемі бас жүлде алып жүрген өнерпаз үшінші орын алып қалуы мүмкін. Себебі, ол баланың сол кездегі ішкі жан-дүниесіне, психологиялық тұрғыда ортаны қабылдауына тікелей байланысты. Бала түгілі үлкен кісілердің өзі сахнада қобалжып, ойын жинақтай алмай қалып жатады. Сондықтан, барлық жағынан сағын сындырмауға, болашақта бұдан да үлкен жетістікке жететіне сенім ұялатуға, бір сатыға көтермелеуге тырысамыз. Сол үшін де біз барлық қатысушы үміткерлерге бас жүлдеден бөлек сыйлықтар дайындаймыз. Және де біздің басты мақсатымыз Елбасы жолдауында айтылғандай ұстаз мәртебесін көтеру, деңгейін өсіру. Сондықтан да әрбір байқау алдында ҚР Ұстаздары қоғамының қолдауымен сол байқауға келген оқушылардың ұстаздарын арнайы төсбелгі, сертификат, алғыс хаттармен марапаттаймыз. Себебі, байқауға бақ сынап келген бүлдіршіндер өздерінің ұстаздарының да жетістікке жеткенін, республика көлемінде марапатталғанын көзімен көріп, мақтаныш сезімі туындап, құрметі артатыны сөзсіз. «Жас дарын» дарынды балалар орталығының тағы бір артықшылығы әрбір байқау өткен сайын республикалық басылым беттерінде жариялап отыруға тырысамыз. Біздің тұрақты ақпараттық қолдаушыларымыз «Ұлан» газеті, «Игілік» журналы, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Айнара.КЗ» және «Бойтұмар» басылымдары.

 
Сұхбаттасқан Назира Абсаттарова