Күні бүгінге дейін ән шырқаған Төлепберген, енді фильм таспалап, лентаға өзі продюсерлік етпекші.
Бұл отандық шоу-бизнестегі тренд пе, әлде танымалдар табыстың көзін тапты ма?
Айқын Төлепберген, әнші:
— Әрине, тренд! Себебі Бүркіттен басқасының бәрі басты рөлді ойнады. Қанша дегенменен маркетинг жағынан қарағанда, басты рөлді өзің сомдау керексің.
Қазіргі таңда әншілердің отандық кинонарыққа қызмет етуге құлшынысы керемет. Әуелі Қайрат Нұртас, кейін Бүркіт, олардың ізін іле-шала Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан фильм түсірді. Ал, Ермек Тұрсынов үшін жұлдыздардың жаппай әмбебеп әртіске айналуы – әлдеқашан кеселді тақырыпқа айналған. Режиссердың өнердегі ұстанымы: «Шымшық сойда да, қасапшы сойсын!»
Ермек Тұрсынов, режиссер:
— Мен мәселен сахнаға шығып өлең айтпаймын ғой. Немесе кино түсірсем кадрға кіріп… Менің әртістік қабілетім жоқ. Мен оны білемін, сеземін де өзім кадрға кірмеймін. Бұл маған бөтен нәрсе. Бұлар қорықпайды. Қалай қорықпайды? Мен соған таңқаламын да.
Айқын Төлепберген, әнші:
— «Әншілер кино түсірді, дұрыс емес» — деген ол қате пікір. Әншілер кино түсірсе өзі камераны алып, сюжетін өзі жазып, актеры ретінде өзі ойнап түсіру деген емес. Әнші деген – ол продюсер.
Айқын алғашқы картинасына, экшн-комедия жанрын таңдамақ. Актерлық құрам да белгілі. Жоспардағы жаңа жобаның продюсері, басты рөлге де өзін бекітіпті.
Айқын Төлепберген, әнші:
— Енді басты рөлдің бірін өзім сомдаймын. Себебі қанша дегенмен кез-келген Голливудтың киносы шыққанда, басты рөлге танымал адамды қояды. Сол кино саласының мамандары айтты. Сен кино түсірсең, өзің түсу керексің міндетті түрде дегеннен кейін, өзім түсіп жатырмын.
Айқын жүрген жерде Жұлдыз неге жоқ дерсіз..? Әнші сүйікті келіншегін де ұмыт қалдырмаған. Толықметрлі картинадан Өмірғалиды да көреді көпшілік.
Айқын Төлепберген, әнші:
— Жұлдыз Алла қаласа киноға түседі. Қандай рөлде екенін білмеймін әлі.
Төлепбергеннің кинонарықтағы тырнақалды туындысының түсірілім жұмыстары күз мезгілінде басталмақ!