Қазақстан жақын күндері алыс шетелге бензин сата бастайды – Бозымбаев - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан жақын күндері алыс шетелге бензин сата бастайды – Бозымбаев

Қазақстан жақын күндері алыс шетелге бензин сата бастайды – Бозымбаев

60-70 мың тонна АИ-92, 10-15 мың тонна шамасында АИ-95 маркалы отандық бензин шетелге шығарылмақ.

  • 20 Маусым 2019
  • 21
Фото - Caravan.kz

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев отандық бензинді экспортқа шығару мерзімін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Осы айдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ арқылы бензин экспортын жасауға жол ашылды. Жақын күндері қазақстандық бензиннің алғашқы партиясын алыс шетелге жіберу жоспарланып отыр", — деді Бозымбаев есеп беру кездесуінде.

Министр экспорттың көлемін де атап өтті. Мәселен, шетелге шығарылатын АИ-92 маркалы бензин 60-70 мың тонна болса, АИ-95-тің көлемі бастапқыда 10-15 мың тонна шамасында болады. Қазіргі кезде шетелдік контрагенттермен қазақстандық бензинді жеткізу жөнінде келісімшарт жасалып жатыр.

Министрдің айтуынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында кейбір мемлекеттер қазақстандық мұнайды өз зауыттарында өңдеуге мүдделі. Олар бензин сатып алуды да көздейді. Осыған байланысты Қазақстан өзінің нақты талаптарын қойған.

"Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестеріміз – Беларусь пен Қырғызстан қазақстандық мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алуға мүдделі. Бірақ біз нақты талаптарымызды қойдық. Себебі бүгінде одақ аясында жеткізілетін тауарларға баж салығы салынбайды. Ондайда алыпсатарлық әрекеттерге жол берілуі мүмкін. Бұл дегеніміз, ол тауарларға ақша қосып, басқа елдерге сатып жібереді. Осыған байланысты біз арнайы келісімдерге қол қойып, ол құжаттарда барлық мәселені ескереміз. Келіссөздер сәтті аяқталады деген сенім бар", — деп атап көрсетті Бозымбаев.


Министрліктің мәліметіне сәйкес, қазақстандық мұнай өнімдерін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Шығыс Еуропа елдеріне жеткізу жоспарланған.