Өскемендік 16 жастағы қыз Алматыда жоғалып кеткен - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өскемендік 16 жастағы қыз Алматыда жоғалып кеткен

Өскемендік 16 жастағы қыз Алматыда жоғалып кеткен

Дәл қазір күдік 27 жастағы Зайсан ауданының тумасына түсіп отыр екен. Ол Назеркемен осыған дейін әлеуметтік желі арқылы байланысып отырған.

  • 4 Шiлде 2019
  • 47
Фото - Caravan.kz

17 күн бойы іздестіру шаралары әзірге еш нәтиже берер емес. Туыстарының айтуынша, оны әлеуметтік желі арқылы танысқан адамы ұрлап кетуі мүмкін. Себебі соңғы рет, жоғалып кетер алдында сонымен сөйлесіпті, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.

«Назерке, бізді естіп отырсаң, бір хабарыңды бер. Біз сені іздеп жүрміз», – дейді анасы көзінің жасын көлдетіп.
Қыздарын 16 маусым күні Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласынан Алматы облысына тойға жіберген ата-ана қыздарынан осылай көз жазып қаламыз ба деп мүлдем ойламаған. 9 сыныпты енді ғана бітірген бойжеткен отбасындағы жалғыз қыз, оқуда үздік, тәрбиелі, айтқанды тыңдайтын еді дейді туыстары.

«Оған ешкім ұрысқан жоқ. Ол негізі келгенде атасы мен екі жеңгесімен, ағасымен келген. Олар да ешқандай кикілжің болмағанын айтып жатыр», – дейді Назеркенің анасы Бағдат Мұсылманова.

Құзырлы орын өкілдерінің жұмысына көңілі толмаған Назеркенің ата-анасы қыздарын өз беттерінше іздеуді бастап кеткен. Олардың айтуынша, дәл қазір күдік 27 жастағы Зайсан ауданының тумасына түсіп отыр екен. Ол Назеркемен осыған дейін әлеуметтік желі арқылы байланысып отырған.

«Назерке осы Алматыда болған, сосын Талғарға барған, тіпті біреулер оны Ащыбұлақтан көргендерін айтты. Декабрьскийде болды дейды. Ол жаққа да іздеп бардық. Ал, әлгі байланысқан жігіт екі рет сотталып келген екен. Хабарласып, хат алмасқан дейді әлеуметтік желіде. Бәрі де құрысыншы, тек осы қызым табылса екен. Осы баламды тауып берсе, халыққа көп алғысымды айтар едім. Дауласпаймыз, бізге басқа еш нәрсенің керегі жоқ», – дейді Назеркенің апасы Қапиза Мадауытова.

Талғар аудандық Полиция басқармасындағылар жоғарыда аталған нұсқаны жоққа шығарып отырған жоқ. Тіпті оны анықтау үшін Зайсан қаласына арнайы топ та жіберіп отыр.


«Жедел іздестіру шараларының негізінде арнайы топ құрылып, Шығыс Қазақстан облысына шыққалы жатыр. Арнайы топ Назеркенің танысы саналатын Қамбар туралы ақпарат жинап, оның Назеркенің жоғалуына себебі бар деген нұсқаны тексереді. Соңғы рет, 18 маусым күні бойжеткен әкесіне қоңырау шалып, аман-есен екендігін және полицияға шағым түсірмеуін сұраған», – дейді Алматы облысы Талғар ауданы ПБ криминалды полиция бөлімі басшысының орынбасары Андрей Бурьянский.

Қалай болғанда да, Назеркенің туыстары оның табылатынынан үмітін үзбейді. Болашақта дәрігер болуды армандайтан бойжеткен көп ұазамай табылады деп сеніп отыр үй іші.