42 жастағы әйелді өлтірді деген күдікпен оның күйеуі ұсталды, деп хабарлайды Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті мен оның досы әйелдің денесін жертөледе жасырған.
Баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 12 шілде күні қалада жалға берілетін пәтерлердің бірінде ерлі-зайыптылардың арасында жанжал шыққан. Ашуға берілген күйеуі әйеліне екі рет пышақ сұғып алған.
"Күдікті қылмысты жасыру үшін оқиға орнына досын шақырған. Ол күдіктіге әйелдің денесін жер үйлердің маңына апарып, жертөлеге жасыруға көмектескен. Екеуі де ұсталды. 42 жастағы әйелдің өлі денесі табылды", — делінген хабарламада.
Адам өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмысты Талдықорған қаласының полициясы тергейді.
Қалалық полиция департаменті күдікті қылмысты ас пышағымен жасағанын атап өтті. Бұл айғақты тәртіп сақшылары оқиға орнынан тапқан.