Бірақ «Желтоқсан АЙҒАҚ» кітаптарының авторы Талғат АЙТБАЙҰЛЫ олардың шын мәнінде желтоқсаншы екендіктеріне күмән келдіреді. Оның сөзінше, елді дүрліктіріп жүрген азаматтардың артында билік тұр, деп жазды zhasalash.kz
«Қоқиланып жатқандардың кім екендігіне мән беру керек деп ойлаймын. Олар шын мәнінде желтоқсаншы болса, ондай әңгіме айтпайтын еді. «Алаңға шықсаңдар аяқтарыңды сындырамын» деп, жалпы желтоқсаншылардың атынан айтып тұрған Талған Рысқұлбеков деген кім? Ағасы Қайрат Рысқұлбеков белгілі, түсінікті, «Халық хаһарманы», желтоқсан құрбаны, ең ауыр жаза алған адам. Талғат оның туған бауыры болғанмен, ол желтоқсаншы емес қой. Желтоқсаншылар алаңға не үшін шықты? Жер үшін, тіл үшін, ұлттық намыс үшін шықты. Сол уақыттан бері жер, тіл мәселесі күн тәртібінен түсті ме? Тіпті күрделеніп кетті ғой. Сонда олардың «16-ы күні алаңға шықсаң қырымын-жоямын» деп айтуға моральдық хақысы бар ма? Желтоқсаншылардың күресі біткен жоқ әлі. Осыдан 33 жыл бұрын шыққан жастардың талап, тілегі орындалған жоқ әлі күнге дейін. Желтоқсан қасіреті жалғасып жатыр. Бұның артында билік тұр. Билік қазір қорқып отыр, көтеріліп кетеме деп. Бүгінгі жағдайда 16-ы мереке ме? Қандай мереке? Қаралы күн бұл», — деді АЙТБАЙҰЛЫ.
Желтоқсаншы Нұрлыбек ҚУАҢБАЕВТЫҢ пікірінше, бұл мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Себебі осыған дейін экс-банкир Мұхтар Әбілязов желтоқсаншыларды сынап, Талғат Рысқұлбековтың ағасы Қайрат Рысқұлбековты батыр емес деп мәлімдеген. Бұл оның жанына қатты батқан.
«Талғат Рысқұлбековты да түсінуге болады. Оның әлеуметтік желіде барлығы бір жақты қаралап жатыр. Бұл жерде екінші жағын да қарау керек. Ол да көп қиыншылық көрді. Осыған дейін Мұхтар Әбілязов оның ағасы Қайрат Рысқұлбековты жоққа шығарды. Ағасы болғаннан кейін, оның барлығы тиеді ғой оған. Осының барлығына қарамастан, Әбілязов 16-ы күні дәл Желтоқсан құрбандары ескерткішінің алдына барып, митинг жасаймын дейді. Осыдан кейін Талғаттан қандай жауап күтуге болады. Сондықтан бұл жерде бір жақты қарауға болмайды. Иә, «аяғыңды сындырамын» деп артық кеткен шығар. Бірақ оны да түсінуге болады», — дейді Қуаңбаев.
Саясаттанушы Дос КӨШІМ сөзінше, әртүрлі саяси топтардың ұстанымын билік жақсы пайдалана біледі. Себебі ӘБІЛЯЗОВ жақтастарының шыққаны билікке ұнамайды. Сондықтан билік оларға қарсы әртүрлі әрекеттер істейді.
«Әрбір саяси, қоғамдық топтардың өзіндік ұстанымы бар. Билік оны жақсы пайдалана біледі. Біріне бірін айдап салудың түрі сол. Қараптан, қарап, ертең Талғат «мені билік айдап салды» деп айтпайды. Талғат айтады, желтоқсанның басталған күні акция көтеріп тұрған адамдар маған ұнамайды, сондықтан олар менің жауым деп айтуы мүмкін. Оның айтуында, әйтеуір ілік бар, дәлел бар. Бұл жерде Талғатты, желтоқсаншыларды билік айдап салып отыр деп те айта алмаймыз бұл жерде. ӘБІЛЯЗОВТЫҢ адамдарының шыққаны билікке ұнамайды. Билікке ұнамағаннан кейін, билік оған деген қарсы әрекеттерін істей бастайды. Ол жерде желтоқсаншыларды да, басқаны да салуы мүмкін. Бұл жыл сайын болып келе жатқан мәселе. Бұны түсіндіруді қажет ететін күрделі саяси мәселе деп ойламаймын. Сондықтан бұл жерде адамдардың таңдауы керек, шыға ма, шықпай ма», — деді саясаттанушы.
Естеріңізге салайық, кеше Талғат Рысқұлбеков, Гүлбахрам Жүніс, Болат Құрымбаев, Гүлмира Мұстафина бастаған бір топ желтоқсанщылар баспасөз мәслихатын өткізген. Жиын барысында Талғат Рысқұлбеков «16-шы желтоқсан күні алаңғы шыққан азаматтардың аяғын сындырып, кекілін қайырып, жағын айыратындығын» айтқан. Бұған дейін оппозициялық саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әбілязов өз жақтастарын 16-ы күні «Желтоқсан құрбандарына» арналған ескерткіштің алдына митингіге шығуға шақырған.
Жалпы, Талғат Рысқұлбеков бұған дейін де ел есінде өзінің даулы іс-әрекеттерімен қалған. Ол 2010 жылы «президент сайлауына қатысамын» деген оппозициялық саясаткер Владимир Козловқа жұмыртқа лақтырып, шу шығарған.