"Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді": Ислам Байрамуков қазақ балуандары туралы - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді": Ислам Байрамуков қазақ балуандары туралы

"Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді": Ислам Байрамуков қазақ балуандары туралы

Төрт жылда бір келетін дүбірлі дода Олимпиада ойындары баршы әлем күтетін айтулы оқиға. Өйткені дәл осы Олимпиада ойындары кезінде әлемдегі ең азулы спортшылардың сайысына куә болып, өз еліңнің ұландары үшін тақым қысасың. Өкінішке қарай, биыл жазда өтуі тиіс Токио Олимпиадасы бір жылға шегерілді.

  • 17 Сәуiр 2020
  • 1457
Фото - Caravan.kz

Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ Халықаралық Олимпиада комитетіне төртжылдықтың басты додасын 1 жылға шегеруді ұсынды. Коронавирус пандемиясының өршіп тұрған уақытында ХОК басшысы Томас Бах ұсынысты қабылдады. Олимпиада ойындары 2021 жылға қалды.

Алайда аталған басты доданың шегерілуі спортшыларға қалай әсер етеді, олар қазіргі бабы мен дайындығын бір жылда жоғалтып алуы мүмкін бе, Олимпиаданың қалған жолдамалары қашан және қалай сарапқа салынады?

Caravan.kz медиа-порталының осы тектес сауалдарына Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, даңқты балуан Ислам Байрамуков жауап берді.

 

— Токио Олимпиадасы әлемдегі жағдайларға байланысты бір жылға шегерілгені белгілі. Дегенмен бұл жағдай спортшылардың дайындығына, бабына кері әсер етуі мүмкін бе?

— Әрине, қазір дайындығы жақсы, бабында тұрған спортшының бір жылдан кейін қандай күйде болатынын білмейміз ғой, оны болжай алмаймыз. Сондықтан оны уақыт көрсетеді. Өйткені, қазір барлығы бір күйде тұр. Сондықтан дайындықты тоқтатпай ары қарай жүргізе беру керек. Енді мына жағдай уақытша ғой. Алла бұйырса бітеді. Әрине, шешім қабылданып қойды. Олимпиада ойындарын бір жылға кейін шегерді. Кімнің бағы жанады, сол болады. Қазақша айтқанда «бұйырған кетпейді, қуған жетпейді»

— Қазіргі қазақ балуандарының деңгейі қандай. Мысалы, соңғы өткен жарыстар бойынша қандай баға берер едіңіз?

— Соңғы Азия чемпионатын көрдім, бірақ ол жерде кереметтей бәсекелестерді көре қоймадым. Қарсыластар анау айтқандай мықты болмады. Бірақ соның өзінде екі бала чемпион болыпты. Ол әрине жаман емес. Жалпы жақсы нәтиже. Талпыныс бар. Бірақ алда әлемдік деңгейдегі жарыстар күтіп тұр. Олимпиада ойындары таяу қалды. Әрине, ол балалардың медаль алғанын қалаймыз. Ал оған жету үшін бір сөзбен айтқанда көп жұмыс істеу керек. Көп тер төгу қажет.

Қалай ойлайсыз, қазақ балуандарының шарықтау шегі  қай жылдары болды?

— Біздің спортшылар қай кезде де нашар болған емес. Әрине, жетістікке жетуге түрлі себептер кедергі болып жатады. Кейде бабы келсе де, бағы жанбайды. Мысалы, біздің ұлттық құрама 1998 жылы Азия кубогында Иран командасымен кездесіп, соларды ірі есеппен жеңіп алған болатын. Ал ол кезде Иран елінің ұлттық құрамасы әлемде аты шығып, дүркіреп тұрған команда болатын. Сол кездері қазақ палуандарының деңгейі керемет болды. Нәтижелерімізде жаман болған жоқ. Бірақ ол кездері біздің федерацияның ұйымдастыру жұмыстары кішкене әлемдік деңгейге сәйкес келген жоқ. Сол кездегі күрестегі балалармен жақсы жұмыс жасалса Олимпиада чемпиондары шығар еді. Енді қазір де жігіттеріміз жаман емес. Жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Сондықтан үмітімізді үзбейміз.

— Соңғы оқиғалардан соң Олимпиаданың жолдамалары қайтадан сарапқа салына ма?

— Жоқ, бұрын сарапқа салынған жолдамалар сол күйінше қалады. Бірақ, қалған жолдамалар үшін сайстар өтеді. Яғни, тағы да халықаралық деңгейдегі сайыстар өтеді. Бір жыл деген талай уақыт қой. Бір жылдың ішінде қайтадан чемпионат өткізу керек, іріктеу жарысын өткізу керек. Ең бастысы біздің спортшыларға қазіргі бабын жоғалтпау керек. Егер "жолдама қалтада, әлі бір жыл бар" деп арқаны кеңге салсақ, онда опық жейіміз. Сондықтан бір сәтке де дамыл таппау керек.

— Қазіргі кезде өзіңіз шәкірт дайындап, баптап жатырсыз ба?

— Әрине, шәкіртерімді дайындап баптап жатқан жайым бар. Көптеген спортшыларға ақыл-кеңесімді айтып отырамын.


— Сіздің өз шәкірттеріңізден болашақта қашан Олимпиада чемпиондарын көреміз?

— Алла бұйырса болады. Әйтпесе кезінде бізден де мықты балуандар болды. Бірақ, өкінішке орай оларға жеңіс бұйырмады. Оны көзімізбен көрдік. Сондықтан үміт үзбейміз. Құдай бұйырса халықаралық додаларда елдің атын шығаратын жеңімпаз шәкірттеріміз шығады. Міндетті түрде шығады.

— Ислам аға, жалпы өзіңіз күреспен неше жастан бастап айналыстыңыз?

— Мен 12 жасымнан бастап күреспен шұғылдандым. Ауылда өстім. Құрдастарымызбен, көрші балалармен алысып-жұлысып өстік. Елде болып жатқан халықаралық жарыстарды қалт жібермей, қызығып қарап отыратынбыз. Бізде де балуан болсақ, жеңіске жетсек деген бала арманымыз болды. Соның арқасында спорт мектебіне келдік.

— Кез келген әлемдік деңгейдегі жарыстарды қарап отырсам біздің балуандар кейде тез шаршап қалатын сияқты. Негізі физикалық тұрғыда дайындық нашар ма, әлде тактикалық өзгеріс қажет пе?

—  Қазір біздің федерация мықты мамандар жалдап отыр ғой. Солар барынша жұмыс жасау керек. Әлемге сай, 21 ғасырға лайықты әдістер қолдану керек. Қазір түрлі методикалар көп. Егер спортшының тамақтануы, жүріп тұруы, физикалық, психологиялық дайындығы лайықты болса ол ешқашан әлсіздік танытпайды. Қазір бізде ресейлік кеңесшілер бар. Ұлттық құраманың спортшыларымен солар жұмыс жасап жатыр. Нәтижесін Токио олимпиадасында міндетті түрде көреміз деп ойлаймын.

— Жалпы қазір қай елдің спортшыларының жаттығуы, ұстанған бағыты көңіліңізден шығады?

— Ол біріншіден Америка Құрама Штаттары, одан кейін Ресей. Бірақ Ресей спортшылары физиологиялық тұрғыда мықты. Мысалы, Дағыстан спортшылары, остетиндер. Олардың балуандары физиологиялық тұрғыда өте күшті болып келеді. Яғни, түбін алып қарасаңыз физиологиясы мықты. Одан кейін дәстүрге айналып кеткен жеңістері бар. Және ары қарай бір біріне жалғаса да береді. Өйткені олардың жеңіс жолы бір дәстүрге айналып кеткен. Әрине, мамандары да мықты. Дегенмен бұл біздің қазақ спортшылары әлсіз деген сөз емес. Бізде де білекті де, жүректі жігіттеріміз бар және алдағы уақыттарда солардың жеңісті жолдарына таңдай қағатын боламыз.

— Қазіргі жастардың спортқа, күреске деген қызығушылығы қандай?

— Өте жақсы. Қазіргі жастардың күреске қызығушылығы жоғары деңгейде. Бірақ оларды дайындау үшін көптеген бағыттарды қосу керек. Ал жалпы жастардың күреске қызығушылығы өте биік деңгейде. Бірақ бізге мына ережесіз төбелес бір бәле болды. Өйткені ол ешқандай рух бермейді, түк пайда бермейді. Жарайды ер азамат деген барлық жағынан дайын болу керек шығар. Бірақ өзара қан жоса болып төбелесіп жатуын құптамаймын.Тіпті бірін бірі өлтіріп те қоюуы мүмкін ғой. Міне соны алып келеміз де жақсылап тұрып жарнама жасаймыз, үлгі тұтамыз. Ол қандай рухты көтереді, айтыңызшы… Алла тағала жаратқан адам баласы бірін бірі сабап жатады. Ол біреудің баласы, біреудің күйеуі, біреудің әкесі. Мен шынымды айтсам сондағы жеңіліп жатқан қарсыластарға жаным ашиды. Оны көріп қандай дұрыс ұрпақ өседі. Оны мен спорт деп есептемеймін. Ол былай айтқанда –шоу. Сондықтан ақ пен қараны ажыратып алу керек.