Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ролик kris_p_kz тобында пайда болды. Кадрлардан өзенді су сабын көбігі бастып тастағанын көруге болады.
"Бізде не болып жатыр, көріңіздер. Көбік, кір жуғыш ұнтақтың иісі шығады, қорқынышты", — дейді видео авторы.
Пікір жазғандар Қазақстанда соңғы уақытта мұндай деректер жиі тіркелетінін айтқан.
"Бұл қандай да бір челлендж бе? Табиғатқа кім көбірек зиянын келтіреді? Адамдар, сендерге не болған?", "Не істеп жатсыңдар? Адам болыңдар, жоқ дегенде тырысыңдаршы!" — дейді комментаторлар.
Кейбіреулер бұл видео Қазақстанда емес, Ресейде түсірілген деп болжаған.
Экология министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасовтың айтуынша, видео Желіде жарияланғаннан кейін мамандар оқиғаға орнына барған.
"23 шілдеде әлеуметтік желілерде Алматының Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзенінде көбік пайда болғаны түсірілген видео жарияланды. Экология департаментінің қызметкерлері оқиға орнына дереу аттанды. Барған кезде су таза болды. Тау суының сынамаларын алдық. Тұрғындар арасында сауалнама жүргізе бастадық. Тұрғындардың айтуынша, экологтардың келуінен бір-екі сағат бұрын өзенде сондай көрініс болған", — деді Зулфухар Жолдасов.
Фото: Экология министрлігінің баспасөз қызметі
Ол көбіктің қалай пайда болғаны әлі анықталмағанын айтты.
"Қазір Экология департаментінің инспекторлары жоғарыдан төменге қарай сынамалар алып жатыр. Көбік қалай туындауы мүмкін? Негізінен ол жақта тұрғын аудандар бар. Бұл қаланың тығыз аймағында екені анық. Бұл жағдайға полиция қызметі де, осы аумаққа жауапты әкімдіктер де тартылады", — деп толықтырды Зульфухар Жолдасов.
Комитет төрағасы заң бұзушылық тіркелсе, "мемлекеттік қызметкерлер де, жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да" жауапқа тартылатынын атап өтті.