Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
"4 тамыз сағат 09.00-дегі жағдай бойынша осы жылдың шілде айында шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2,4 млн бірегей өтініш қабылданды. Төлем 2 миллион 158 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2 миллион 142 мың қазақстандыққа аударылды", — делінген ведомствоның хабарламасында.
МӘСҚ-тан төлем алуға өтінімдер бірнеше арналар арқылы қабылданады. 2,4 миллион өтінімнің ішінде:
– 833,8 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берді;
– 609,3 мың адам Egov.kz порталы және telegram-боттар арқылы;
– 347,4 мың адам 42500.enbek.kz порталы арқылы;
– 628,9 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтініш берген.
Азаматтардың санаттары бөлінісінде:
– 833,8 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден берілді (проактивті форматта);
– 206,7 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берді;
– 1 миллион 379 мың өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті (жеке кәсіпкерлер; жеке практикамен айналысатын адамдар; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар).
Төлем 2 миллион 158 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2 млн 142 мың қазақстандыққа аударылды.
"Бұл ретте Қазақстан аумағында карантиннің 2 аптаға созылуына байланысты МӘСҚ-тан біржолғы төлем алатын 799,6 мың адамға қосымша 0,5 ең төменгі жалақы (бұдан әрі – ЕТЖ) – 21 250 теңге тағайындалды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда. Жақын арада ақшалай қаражат азаматтардың шоттарына аударылады.
Бұған дейін хабарланғандай, 2020 жылдың шілдесінде МӘСҚ-тен біржолғы төлем алған қазақстандықтарға карантиннің ұзартылуына байланысты қосымша ақы автоматты түрде тағайындалады. Қайта өтініш берудің қажеті жоқ", — деп қосты ведомстводағылар.
Карантин ұзартылғаннан кейін біржолғы төлем тағайындауға алғаш рет өтініш берген азаматтарға төлем 1,5 ЕТЖ немесе 63 750 теңге (42 500 + 21 250 теңге) мөлшерінде тағайындалады.
Өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.